Қарағандыда бірқатар ел дипломаттары Спасск мемориалдық кешенінде болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Митинг-реквием Спасск мемориалдық кешенінде өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спасск кентінде 1930-1950 жылдары СССР Ішкі істер Халық комиссариатының бөлімшелері, сондай-ақ әскери тұтқындарға және қамауға алынғандарға, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жандарға арналған лагерь орналасты. Мұрағат мәліметтері бойынша, Спасск зиратында 5 мыңнан астам адам, 50-ден астам ұлт өкілдері жерленген.

Митингке қатысушылар тоталитаризм жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандары болған адамдарды, тарихымыздың ең қайғылы кезеңін еске алу үшін жиналды.

Шараға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Украина, Чехия, Корея және Румынияның Төтенше және Өкілетті Елшілері, сондай-ақ Қырғызстан, Франция, Иран және Жапония елшіліктерінің өкілдері қатысты.

«Бүгін мұнда түрлі ұлт өкілдері жиналды. Мен сіздерге Қарағанды жерінде бізбен бірге болғандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Мұнда тұрған әрбір адамға қайғы ортақ және біз бұл тарихи оқиғаны ұмытуға құқығымыз жоқ. Сол кездегі Қазақстанның көрнекті қайраткерлері құрбан болды, олардың ішінде біздің жерлесіміз Сәкен Сейфуллин де болды. Биылғы жылы оның туғанына 125 жыл толады. Ақынға және сол қасіретке толы дәуірдің барлық құрбандарына мәңгілік естелік!» - деді Ерлан Қошанов іс-шараның ашылуында.

Аймақ басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саяси қуғын-сүргін кезеңін «Ең ірі гуманитарлық апат» деп атап айтқанын еске салды.

«Мен митингке қатысу үшін жыл сайын осында келемін. Әрине, қуғын-сүргін корей халқына да тікелей әсер етті. 1937 жылы Қазақстанға 500 мыңға жуық корей қоныс аударды. Мұнда сол кездегі ағайындарымыз құрған корей диаспорасы әлі күнге дейін бар. Мен олармен байланысты үзбеймін және олардың арасында шын мәнінде мақтан тұтатын көптеген адамдар бар», - деді Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэсик.

Ата-бабаларын еске алу үшін қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары да келді. Олар өздерінің туған-туыстары туралы естеліктерімен бөлісті.

«Менің ата-анамды Осакаров ауданына, Пионерское ауылына қоныс аударды. Елді мекенде ол уақытта халықтың барлығы қуғынға ұшырағандар болатын. Ол жерде гректер, Кубан казактары, немістер, шешендер, ингуштар болды. 1952 жылы мен мектепке бардым. Сталин есімде. Ол қайтыс болған кезде жыламағаным үшін мектепте таяқшамен ұрғаны есімде. Мұның бәрі, әрине, өткен күндер. Құдайдан ондай енді қайталанбасын деп тілейміз. Мен қазір бейбіт Қазақстанда тұрып жатқанымызға, ашық аспан астында балалар мен немерелерімізді тәрбиелеп жатқанымызға қуаныштымын», - деді қуғын-сүргінге ұшыраған Зиявда Досаевтың ұрпағы.

Митингке облыстың бас имамы, Қарағанды және Шахтинск епархиясының хатшысы, грек-католик епархиясының бас викарийі қатысты. Дін қызметкерлері сталиндік қуғын-сүргін кезінде қаза тапқан адамдардың рухына дұға етті.

Шара соңында мемориалдық кешен ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды.

1987 жылдан бастап Спасск мемориалдық кешенінде әртүрлі мемлекеттер ескерткіш белгілерін орнатып келеді Қазір олардың саны - 28.

Соңғы жаңалықтар