Қарағандыда автобус жолда тұрған «КамАЗ» тіркемесіне соғылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда бағдарлық автобус жол шетінде тұрған жүк көлігінің тіркемесіне келіп соғылды. Апаттан 3 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 қарашада сағат 16:00-дер шамасында «Шаолинь» маршруттық автобусының 54 жастағы жүргізушісі С.Мұқанов көшесінің бойымен келе жатып жол апатына ұшырады. Қазіргі мәлімет бойынша, қоғамдық көлік жүргізушісі жол бойында тұрған «КамАЗ» жүк көлігінің тіркемесін байқамай қалған.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан 2 жолаушы және автобус кондукторы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

«Жол-көлік оқиғасының салдарынан басына зақым келген, миы шайқалған және жарақат алған үш адам Х.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккен бір адамға оқиға орнында көмек көрсетілді», - деп мәлім етті облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Жол-көлік оқиғасы кезінде автобус салонында 6 адам болған.

«Автобус жүргізушісіне қатысты ҚР ҚК 610-бабының 2-бөлімі бойынша әкімшілік өндіріс басталды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар