Қарағандыда Әшірбек Сығай атындағы республикалық театрлар фестивалі ашылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда белгілі театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай атындағы алғашқы республикалық театр фестивалі ашылды. Спектакльдер көрсетілімдері С. Сейфуллин және К.Станиславский атындағы театр сахналарында өтеді. Қойылымдарды 16 қазанға дейін күн сайын 11:00, 15:00 және 18:00-де тамашалауға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің 40-қа жуық театры фестивальге қатысуға өтінім берді. Ұйымдастыру комитеті олардың 15-ін іріктеп алды. Бұл «Құлагер» спектаклін ұсынып отырған Алматы қаласының Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, «Қыз Жібек» лиро-эпостық қойылымымен Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ә.Мәмбетов атындағы Қазақ мемлекеттік драма және комедия театры, «Мен ішпеген у бар ма?» спектаклін алып келген Жезқазған қаласының С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театры және басқалар.

«Фестивальге 15 театр қатысады, олардың репертуарлары алуан түрлі классикадан бастап қазіргі заманғы драмаларға дейін. Осы спектакльдердің ерекшелігі – олардың соңғы премьералары мен жас режиссерлері. Бұл Қазақстанның театр режиссурасының өсіп келе жатқанын, оның болашағы бар екенін көрсетеді», – деп атап өтті фестиваль қонағы Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.

Спектакльдерді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Еркін Жуасбеков бастаған қазылар алқасы бағалайды. Негізгі өлшемшарт – «Сын шын болсын!».

«Әшірбек Сығай атындағы театр фестивалі Қазақстанда алғаш рет өтуде. Біздің басты мақсатымыз – сын айту емес, қазіргі қазақ театрына қай бағытта даму керектігін анықтау, жаңа театрды көру, пікір алмасу. Бүгінде жас режиссерлер келеді, олар көбінесе классика негізінде әртүрлі жанрдағы заманауи спектакльдер жасайды. Олардың өз идеялары мен өз көзқарастары бар», – дейді қазылар алқасының төрағасы, театр сыншысы Амангелді Мұқан.

Фестиваль қорытындысы бойынша Әшірбек Сығай мен оның шәкірттерінің атынан бас және арнайы жүлделердің иегерлері анықталады. Үздік актёрлер мен режиссёрлер де марапатталады.

Фестивальдің ашылу күні қазылар алқасы мен көрермендер назарына С.Сейфуллин атындағы Қарағанды қазақ драма театры Венгр драматургі Ласло Дюрконың пьесасы бойынша «Электра» антикалық трагедиясының заманауи нұсқасын ұсынды.


Соңғы жаңалықтар