Қарағандыда Абайдың 175 жылдығына арналған студенттер айтысы өтеді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай студенттер арасында «Өлең – сөздің патшасы» атты республикалық айтыс өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас суырыпсалма ақындар арасындағы жарыс 28 ақпанда өтеді. Республикалық студенттер айтысы ҚарМТУ-да жастар арасында халық өнері мен Абай шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылады.

Қазылар алқасының құрамына Қарағанды облысының айтыскерлері мен ақындар кіреді. Қазылар алқасы мүшелерінің арасында танымал айтыскер Дидар Хамиев бар. Қазылар алқасының төрағасы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Аманжол Әлтаев болады.

Республикалық айтысқа еліміздің бірнеше аймағынан келген ЖОО студенттері қатысады деп жоспарлануда. ҚарМТУ мен ҚарМУ-дан басқа Қазақ ұлттық өнер университетінің, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің, Алматы «Қайнар» Академиясының, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің, Еуразия ұлттық университетінің, Қызылорда мемлекеттік университетінің және Семей қаласының мемлекеттік университетінің студенттері өзара сайысқа түседі.


Соңғы жаңалықтар