Қарағанды жастары Алтын орда ескерткіштерін аралайтын экспедицияға аттанады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Жастар жылы аясында «Ұлытау – Алтын орда бесігі» атты ғылыми-танымдық экспедиция өтеді. Алтын орданың 750 жылдығына арналған жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Ол сондай-ақ Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Экспедицияның бастамашылары Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі болды.

Жеті күндік турда бір топ жастар Алтын орда дәуіріндегі ескерткіштерді аралап қайтады. Экспедиция құрамына жас тарихшылар, географтар, өлкетанушылар, студенттер, журналист-блогерлер, суретшілер кіреді.

Сапар барысында бейнетүсірілім жүргізілетін болады. Болашақта Алтын Орда тарихына арналған қысқа метражды фильм шығару жоспарлануда. Экспедиция қорытындысы бойынша фотоальбом, карталар мен буклеттер шығарылады.

Бағдарламаға сәйкес, экспедиция бағыты Хан ордасы қалашығына, Жошы хан, Алаша хан, Аяққамыр, Болған Ана, Белен Ана, Құлан Ана кесенелеріне және басқа да киелі жерлерге баруды қамтиды. Шараға қатысушылар Алтыншоқы шыңына, Басқамыр және Аяққамыр тауларына көтеріліп, Теректі әулие археологиялық кешеніне барады.

Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында бұл аймақ әлемдік деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс екенін мәлімдеген болатын. Ол үшін қажетті жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы тиіс, деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар