Қарағанды облысының ерекше спортшылары арасында жарыс басталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда екі жылдық үзілістен кейін тірек-қимыл аппараты бұзылған, есту және көру мүмкіндігі нашар спортшылар арасындағы дәстүрлі облыстық спартакиаданың жалауы қайта желбіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі күн ішінде 200-ден астам спортшы өз шеберліктерін көрсетеді. Олар Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарынан жиналды.

Бағдарламаға спорттың бес түрі енгізілген: шағын футбол (есту қабілеті төмен), дойбы 64 (көру қабілеті нашар), тоғызқұмалақ (көру қабілеті нашар, тірек-қимыл аппараты зақымданған (ТҚАЗ) спортшылар), жеңіл атлетика (ТҚАЗ), үстел теннисі (ТҚАЗ, есту қабілеті төмен).

«Қатысушылар көп жиналғанына қуаныштымыз. Бұл тек спорт жарыстары ғана емес, кездесулер мен қарым-қатынас. Бүгінгі жарыс – қыркүйек айында өтетін сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша спартакиадаға іріктеу», – дейді облыстық мүгедектер спорты бойынша мамандандырылған мектептің басшысы Елена Фархутдинова.

Жеке және командалық біріншіліктердегі жеңімпаздар медальдармен және кубоктармен марапатталады. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы облыстық спартакиадада Жезқазған қаласының командасы бірінші орын алды.





Соңғы жаңалықтар