Қарағанды облысының әкімі медицина қызметкерлеріне 1 млн теңгеден сыйлық берді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Қарағанды облысы әкімі сыйлығының лауреаттарының есімдері аталды. Пандемиядан кейін аймақ басшысы алғаш рет дәрігерлерді үлкен сахнада құттықталды.

«Осыдан екі жыл бұрын әу бастан коронавирустық инфекциямен күрес майданының алдыңғы шебіне сіздер шықтыңыздар, отандастарыңыздың денсаулығына қауіп төнген кезде шетте қала алмадыңыздар. Осының арқасында инфекцияның таралу жолына тосқауыл қоя алдыңыздар. Санитар қызметкерден бастап кәсіпорын басшыларына дейін демалыс дегенді ұмытып, материалдық сыйақы туралы ойламай, қауіпті аурумен күресудің алдыңғы қатарында жұмыс істегендердің барлығына алғыс айтқым келеді», – деді өңір басшысы Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, облыс әкімі денсаулық сақтау жүйесінде оң өзгерістер бар екенін атап өтті. Ауылдық аудандардың тұрғындары үшін жоғары технологиялық медицина қолжетімді болды, гемодиализ бөлімшелерінің, оңалту орталықтарының, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография кабинеттерінің географиясы кеңеюде. Биыл компьютерлік томографтар Қарқаралы, Осакаров және Жаңаарқа аудандарында орнатылады. Сирек аурулары бар науқастар өмірлік маңызды препараттарды тегін алады. Облыс қалаларында отбасылық денсаулық орталықтары ашылуда, ауылдық жерлерде 10 ФАП құрылысы басталды. Соңғы 5 жылда жас дәрігерлер 300-ден астам жайлы пәтер алды.

Қарағанды облысы әкімі сыйлығының лауреаттары:

- «Үздік акушер-гинеколог» – Любовь Девятых, Саран қаласы Орталық ауруханасының акушерия және гинекология бөлімшесінің акушер-гинекологы;

- «Жалпы практиканың үздік дәрігері» – Зәуреш Оспанова, Қарағанды қаласының № 5 емханасының жалпы практика дәрігері;

- Феруза Жанпейсова, «Бексейтова» ЖШС жалпы практика дәрігері;

- «Үздік педиатр» – Наталья Дубаневич, Шахтинск қаласы емханасының педиатрия бөлімінің меңгерушісі;

- Жанат Көпеева, облыстық фтизиопульмонология орталығының Жезқазған балалар бөлімшесінің учаскелік дәрігер-фтизиатры;

- «Үздік терапевт» – Жұлдыз Қолдасбекова, Абай қаласының орталық ауруханасының учаскелік терапевт дәрігері;

- «Үздік хирург» – Саят Кенжебаев, профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханасының шұғыл нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі;

- «Үздік орта медицина қызметкері» – Бағила Нұрхашева, Абай қаласы Орталық ауруханасының кардиолог мейірбикесі;

- «Денсаулық сақтаудың үздік ұйымдастырушысы» – Гүлнар Есімсейіт, Теміртау қ. № 1 емханасының директоры.

Лауреаттардың әрқайсысы 1 миллион теңге көлемінде сыйақы алды.

«Үздік хирург» – Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың шұғыл нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Саят Кенжебаев 1995 жылы Қарағанды медицина университетін бітірген.

«Соңғы 10 жылда көптеген жаңашылдықтар болды, біз үнемі жетіліп келеміз, медицина бір орында тұрмайды. Мен өз мамандығымды жақсы көремін, өйткені ол ел ризалығына толы, әрі қызықты жұмыс. Әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Оларға шыдамдылық тілеймін. Ең бастысы барлығымызға денсаулық тілеймін!», – дейді Саят Кенжебаев

Қарағанды облысы әкімінің «Мамандығына адалдығы үшін» номинациясы бойынша екі миллион теңге көлеміндегі арнайы сыйлығы Облыстық жедел медициналық көмек станциясының Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің меңгерушісі Борис Выдраға берілді.

Қазақстанда медицина қызметкері күні жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде тойланады. Қарағанды облысы әкімінің денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне сыйақысы 2006 жылы белгіленді.




Соңғы жаңалықтар