Қарағанды облысындағы көшелерге 4 мыңнан астам камера орнатылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы кейбір қалалардың көшелерінде бейнебақылау камералары көбейтіледі. Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев, Саран және Осакаровка кентінде қосымша төрт мыңнан астам құрылғы орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында «Қауіпсіз қала» жобасын енгізіліп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек халықпен есептік кездесуінде айтты.

«Қауіпсіз қала» жобасы әзірленді. Оны комиссия бекітті. Жеке инвестор есебінен 4 290 бейнебақылау камерасы орнатылады. Басқа қалалардың тәжірибесінен бейнебақылау жүйесі қылмысты ізін суытпай ашуға ғана емес, олардың алдын алуға да мүмкіндік беретінін көреміз. Сондықтан бұл жұмыс жалғасын табады», - деді өңір басшысы.

Жеңіс Қасымбек сонымен қатар көшені жарықтандыру мәселесіне назар аударды. Бүгін облыс орталығындағы 600-ден астам көшеге жарық беретін шам орнату қажет. Бұл мәселе жергілікті өндірушілерді тарта отырып, МЖӘ қағидаты бойынша шешілетін болады. Биылғы жылы 136 көше жарықтандырылады, ал алдағы екі жылда қалған көшелерде жарықтандыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ облыс әкімі қарағандылықтарды «Senim 109» сервисін пайдалануға шақырды. Бірыңғай үйлестіру орталығы өткен жылы іске қосылды. Жүйеге Қарағанды қаласының 60-тан астам мемлекеттік және коммуналдық мекемесі қосылған. Қала тұрғындары бұл нөмірге ТКШ және абаттандыру мәселелері бойынша, сондай-ақ шұғыл жағдайларда хабарласа алады.

«Сіздердің өтініштеріңіздің арқасында біз жауапты кәсіпорындардың кемшіліктерін көріп қана қоймай, сонымен қатар сіздерді бірінші кезекте қандай мәселелер мазалайтынына талдау жасай аламыз», - деді Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар