Қарағанды облысында жолда қалған 322 адам құтқарылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте Қарағанды облысында 20 автожол апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Құтқару шараларына ТЖ департаментінің, Ұлттық гвардияның, Жергілікті полиция қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың, медициналық ұйымдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Жалпы бір тәулік ішінде Қарағанды облысы бойынша 322 адам, оның ішінде 12 бала құтқарылды, 69 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

«Теміртау-Қарағанды» автожолында қар құрсауында қалған автокөліктерден 136 адам, оның ішінде 10 бала құтқарылды. Жол бойындағы дәмханаларда олар үшін жылыту және тамақтану пункттері ұйымдастырылды.


Сондай-ақ Қарағанды қаласынан «Сары-Арқа» әуежайына баратын жолда қалған 72 адамға ТЖД көмектесті. Жолдың тазартылған учаскесіне 23 жеңіл және 2 жүк көлігі шығарылды.

Теміртау қаласының маңында қар құрсауынан құтқарушылар «Нұрқазған» кенішінің 3 жұмыс автобустарынан 44 адамды және жедел медициналық көмек көлігін эвакуациялады.

Бұқар Жырау ауданында «Доскей-Тоғызқұдық-Ботақара» автожолында жолдың тазартылған учаскесіне қар құрсауынан 9 жеңіл автокөлік шығарылды, онда 18 адам болған.

«Шахтинск қаласы – Шахан кенті» автожолында қар құрсауында тоқтап қалған автокөліктерден 25 адам құтқарылды, жолдың тазартылған учаскесіне 18 автокөлік шығарылды.


Ақтоғай ауданында «Ақтоғай кенті – Балқаш қаласы жолында қарға малтыққан, ішінде 10 адам болған 2 автокөлік шығарылды.

Сонымен қатар, жедел ауруханаға жатқызуды қажет ететін адамдарды медициналық мекемелерге тасымалдау бойынша да жұмыстар жүргізілді.

Атап айтқанда, Ақтоғай ауданында Нарманбет ауылынан Балқаш қаласының қалалық ауруханасына босанған әйел жеткізілді. Құтқарушылар тағы бір жүкті әйелді түнде Ақтау кентінен Теміртау қаласының ауруханасына апарды.


Ал 29 қаңтарда сағат 04:20-да Бұқар Жырау ауданы Самарқанд ауылынан босанған әйел үшін құтқарушылар Теміртау қаласынан жедел жәрдем бригадасын жеткізді. Құтқарушылар бұдан басқа да қиындыққа тап болған бірнеше жанға көмек қолын созды.

Сонымен қатар, жолдарды жабу бекеттеріндегі көлік құралдарының жүргізушілері мен жолаушыларына тамақтандыру ұйымдастырылды, азық-түлік ұсынылды, жанармай құюға көмек көрсетілді.

Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар келесі автожолдар жабық:

Сәтбаев қ. - Қостанай облысының шекарасы;

Теміртау қ. - Ақмола облысының шекарасы;

Қарағанды қ. - Ақсу-Аюлы ауылы;

Қарағанды қ. - Павлодар облысының шекарасы;

Теміртау қ. - Ақмола облысының шекарасы;

Ботақара кенті-Павлодар облысының шекарасы;

Ботақара кенті-Қарқаралы қаласы;

Ботақара кенті-Павлодар облысының шекарасы.

Автожолдарды жабу/ашу, дауылды ескерту, сабақты тоқтату туралы ақпаратты «Дармен» мобильдік қосымшасы арқылы білуге болады.


Соңғы жаңалықтар