Қарағанды облысында жолда қалған 111 адам құтқарылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің күшімен өткен тәулікте қар құрсауынан 111 адам құтқарылды, оның ішінде 2 бала болды. Құтқару жұмыстары барысында қалың қарға малтыққан 28 автокөлік жолға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құтқару жұмыстары Қарағанды, Теміртау қалаларында және Бұқар жырау, Абай, Осакаров және Ұлытау аудандарында жүргізілді.

Бұқар Жырау ауданында 23 қаңтарда таңертең «Құрылыс ауылы - Үштөбе ауылы» автожолының 12-ші шақырымында қар құрсауынан 20 жеңіл автокөлік шығарылды, онда 40 адам болған.

«Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» автожолының 43-ші шақырымында тұрып қалған үш автокөліктегі 5 адам Ботақара кентіне жеткізілді.

24 қаңтарда сағат 02:15-те «Алматы-Екатеринбург» тас жолының 1046-шы шақырымында қарға малтыққан 7 жеңіл автокөліктен 13 адам құтқарылды, олар Қарағанды қаласына жеткізілді.

Қарағандыда сағат 20:25-те Шахтерский ықшамауданында құтқарушылар қар құрсауынан 5 автокөлікті алып шықты.

Сонымен қатар құтқарушылар боранды күні жолға жаяу шыққан адамдарға көмектесті. Абай ауданында «Қарағанды-Шахтинск-Қойбас» автожолының 7-ші шақырымында Сәрепті ауылына жаяу бара жатқан екі адамды құтқарушылар жол бойындағы кемпингке дейін жеткізді. Екінші жағдайда «Ақтау кенті-Теміртау қаласы» автожолының 14-ші шақырымынан Теміртау қаласына жаяу бара жатқан екі ер адамға көмектесті.

Қолайсыз ауа райы медициналық қызметтердің жұмысына да кедергі келтірген. Жедел жәрдем бригадалары қалың қардан өте алмай, шақыртулар түскен мекенжайларға бара алмады. Қарағанды қаласында және Ғ. Мұстафин кентінде шұғыл түрде ауруханаға жатқызуды қажет ететін жеті адамды құтқарушылар жедел жәрдем көліктеріне дейін жеткізді.

Сонымен қатар, Абай қаласында құтқарушылар жедел жәрдем көлігін қар құрсауынан шығарды.

Бүгін түнде сағат 02:30-да құтқарушылар жедел ауруханаға жатқызуды қажет ететін әйелді Осакаров ауданы Батпақты ауылынан Осакаровка ауылының орталық ауруханасына жеткізді.

Қарағанды облысының ТЖД ауа райының нашарлауына байланысты алыс жолға шығудан және қашық жолға жаяу аттанудан бас тартуды ұсынады.




Соңғы жаңалықтар