Қарағанды облысында жиырма көп балалы отбасы баспаналы болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Жаңаарқа кентіндегі «Жаңа Нұр» шағын ауданындағы жаңа үйлердің кілті жиырма көп балалы отбасына табыс етілді. Олардың көпшілігі бұл қуанышты оқиғаны он жылдан астам уақыт күткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кілттерді табыстау рәсімі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған. Бұл жаңа қоныстанушылар үшін ғана емес, жалпы біздің аудан үшін де маңызды оқиға. Үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Жаңа үйлерге қоныстанған отбасыларына амандық пен бақыт тілейміз», – деп құттықтады Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин.

Жұлдыз Төлегенова күйеуімен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр. Бастауыш сынып мұғалімі тұрғын үй кезегінде он жыл тұрды. Осы жылдар бойы отбасы пәтер жалдап тұрған. Ай сайын отбасылық бюджеттен тұрғын үйді жалға алуға 50 мың теңге жұмсалды.

«Жалдамалы пәтерлерде тұрып, жайлылық орнату мүмкін емес, өйткені кез-келген уақытта сізден көшуді сұрауы мүмкін. Осы жылдар ішінде біз өз шаңырағымызға ие боламыз деген сеніммен өмір сүрдік. Бізге үш бөлмелі үй берілді. Тамаша жөндеу жасалған. Бізге бәрі ұнайды. Енді көшуге дайындалып жатырмыз», – деді Жұлдыз.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аққу Әкімбекова да өз кезегін он жылдан астам күткен. Ол жалғыз өзі төрт бала тәрбиелеп отыр.

«Мен жаңа үйлі болғаныма өте ризамын, өйткені бұл балаларыммен бірге көптен күткен арманымыз. Біз бір орыннан екінші орынға көшуден шаршадық. Енді бәрі басқаша болады. Менің балаларым бақытты», – деді Аққу.

Жаңаарқа ауданында тұрғын үй кезегінде барлығы 840 адам тұр. Оның 133-і «Көп балалы отбасылар» санатына жатады. Жыл соңына дейін ауданда тағы 12 отбасы қоныс тойын тойлауы тиіс.


Соңғы жаңалықтар