Қарағанды облысында жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырап, 4 адам зардап шекті

None
None
СӘТБАЕВ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында жедел жәрдем машинасы мен жол талғамайтын көлік соқтығысты. Салдарынан 4 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол апаты 30 маусым күні сағат 17.35-те Ерден және Абай көшелерінің қиылысында болды. Жедел жәрдем көлігінің 32 жастағы жүргізушісі басқа көліктердің өзіне жол бергеніне көз жеткізбестен, қиылыста 35 жастағы қала тұрғынының басқаруындағы «Toyota Highlander»-мен соқтығысқан.

«Оқиға салдарынан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы, сондай-ақ «Toyota Highlander» автокөлігінің жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы фактісі полицияда тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды», - деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

«Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі мен екі фельдшерді дәрігерлер қараған соң, амбулаторлық емдеуге жіберді. «Toyota Highlander» жолаушысы Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасына жатқызылды», - деп хабарлады Жезқазған қаласының көпбейінді ауруханасы директорының медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Арман Байсұлтан.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тергеу жүргізуде.


Соңғы жаңалықтар