Қарағанды облысында тұтынушылар құқығы бұзылғаны жайлы 2000-нан астам шағым түскен

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Осы жылдың тоғыз айында Қарағанды облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне екі мыңнан астам шағым түсті. Ведомство өкілдері тұтынушыларға бұл тұрғыда қандай көмек көрсетілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күн сайын Қарағанды облысының тұрғындары Департаментке сапасыз тауарды айырбастау немесе қайтару, жосықсыз көрсетілген қызметтерден бас тарту, мерзімі өткен азық-түлік өнімдерін қайтару немесе акциялар мен шарттардың талаптарын орындамау сынды шағымдарымен жүгінеді. Өткен жылмен салыстырғанда мұндай өтініштер саны 27,6%-ға артқан.

«Өтініштерге жүргізілген талдау негізінде біз тұтынушылардың құқықтарын бұзудың негізгі себептерін анықтадық. Бұл халықтың құқықтық сауаттылығының төмендігі, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР заңын кәсіпкерлік субъектілерінің білмеуі және сақтамауы, сондай-ақ шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий себеп болып табылады», – деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен онлайн-брифингте Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әлия Кулагина.

Мысалы, өткен жылы және биылғы тоғыз айда департаментке «Beauty KRG» ЖШС қызметіне шағымданған 238 өтініш келіп түсті. Тұтынушылар қымбат косметологиялық қызметтерді несие арқылы төлеген. Алайда қызмет беруші өз міндеттемелерін орындамағаны және клиенттерге ақшаны қайтармағаны анықталған.

Жосықсыз қызмет көрсетушілердің немесе тауар өндірушілердің құрбаны болмау үшін тұтынушылар өз құқықтарын қорғауды үйренуі керек. Ең алдымен, сатып алу кезінде чектерді талап ету немесе кез-келген қызметті алу үшін жазбаша келісім-шарттар жасау қажет. Тек осылай ғана даулы жағдайларда тұтынушылар тауарды немесе сапасыз қызметтер үшін ақшасын қайтара алады. Егер проблемалар туындаса, онда аймақ тұрғындары Департаментке (8-7212) 42-52-11 нөміріне қоңырау шалып немесе dzppkrg@gmail.com электронды поштасы арқылы хабарласа алады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы пайдалы ақпаратты ведомствоның Instagram-парақшасынан да алуға болады.


Соңғы жаңалықтар