Қарағанды облысында тұрғын үй кезегінде тұрған мыңнан астам адамды тіркеуден алып тастады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының прокуратурасы тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй құрылысы саласына тексеріс өткізіп, бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қадағалау ведомствосы жергілікті атқарушы органдардың «Нұрлы жер» бағдарламасын және 2019-2020 жылдары Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша Кешенді жоспарды жүзеге асыру барысында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарына тексеріс жүргізді.

Нәтижесінде пәтерлерді қылмыстық жолмен алу, жалға берілетін және несиелік пәтерлерді заңсыз бөлу, бюджет қаражаттарын бақылаусыз жұмсау, 1200 адамды тұрғын үйге мұқтаждардың кезегіне негізсіз қою, 110 пәтерді жалға келісімшартпен бекітпей беру фактілері анықталды.

Қабылданған шаралармен бюджетке 18 млн теңгеден астам сома, 4 пәтер коммуналдық меншікке қайтарылды, пәтерлерді жалға беру туралы 94 келісімшарт бекітілді.

«5 жетім бала пәтер алды, кезекте негізсіз тұрған 1000 тұлға шығарылып, пәтерге нақты мұқтаж адамдардың үй алу мүмкіндіктері арттырылды. Қазір жоғарыда аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер ҚК 189 және 190 баптары бойынша жүргізіліп жатыр. Прокурорлардың актілері бойынша 28 лауазымды тұлға, оның ішінде 12 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп мәлімдеді Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, облыс прокуратурасының бастамасы бойынша әкімдік тұрғын үйлерді бөлу және мемлекеттік бағдарламалар аясындағы келісімдердің орындалуын бақылайтын уәкілетті органды айқындады.

Тұрғын үй кезегіне қою туралы өтініштерді қабылдау барысын электрондық порталдардың көмегімен цифрландыру мәселесі қаралуда.


Соңғы жаңалықтар