Қарағанды облысында төртінші күн электр стансасы іске қосылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Жезқазған маңындағы Кеңгір кентінде жаңа «жасыл» жоба пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қуаты 10 МВт өңірдегі төртінші күн электр стансасы өткен жылдың желтоқсанында пайдалануға берілді. 20 гектар алаңда 29 436 күн панелі орнатылды. Олар жылына 14 миллион кВт/сағат өндіреді.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Жезқазғанға жұмыс сапары барысында күн электр стансасында болып, 2019 жыл өңір үшін баламалы энергия көздерін енгізуде серпінді болады деп мәлімдеді.

«Күн энергиясын дамыта отырып, біз қуаттар тапшылығын еңсеріп қана қоймай, экологиялық мәселелерді шешеміз және біздің облыс жаңартылатын энергия көздерін дамыту көшбасшысына айналуда», - деді Жеңіс Қасымбек.

Естеріңізге сала кетейік, осындай алғашқы үш электр стансасы Саранда, Гүлшат және Ақадыр кенттерінде салынған болатын. Олардың ең үлкені – Саран қаласындағы 100 М/ватт қуаты бар станса.

Жалпы, Қарағанды облысында барлық күн стансаларының құрылысына 60 млрд теңгеден астам жеке инвестиция салынды. Ал жыл басында неміс инвесторларымен меморандум жасалды. Келісімге сай қуаты 500 М/ватт болатын тағы бір күн электр стансасы салынуы тиіс. Жоба 500 миллион еуроға бағаланады.

Кеңгірдегі жаңа күн стансасы толығымен автоматтандырылған. Мұнда барлығы 10 адам жұмыс істейді. Нысан жеке инвестиция есебінен салынған. Өндірілетін электр энергиясын «Жезқазған Электржелі тарату компаниясы» АҚ желісінде тарататын болады.


Соңғы жаңалықтар