Қарағанды облысында сүт зауыты 10 жылдан кейін қайта іске қосылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында өндірісі тоқтап қалған сүт зауыты 2018 жылы қайта іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде 2006 жылы іргетасы қаланған сүт зауыты 11 жылдан бері бірде-бір өнім өндірмеген. Кәсіпорын мемлекеттің 63 млн теңгесіне тұрғызылған және ол толығымен заманауи қондырғылармен жабдықталған.  

63 млн теңгені зауытқа «Аграрлық несие корпорациясы» бөлген. Алайда оның жұмысын жолға қою үшін бизнес-жоспарда айналымға ақша қарастырылмапты. Осының салдарынан зауыт іске қосылмай, әлі күнге тұралап тұр. Ал қожайындары алған қарыздарын қайтаруда.

«Аграрлық несие корпорациясына» 20 миллиондай қарызымыз қалды. Оны жаңа жылға дейін басқа шаруашылықтардың есебінен жабамыз деген ойымыз бар. 2018 жылға осы Жаңаарқадағы «Аграрлық несие серіктестігінен» үш адам несие алып, осы зауытты әрі қарай іске қосамыз деген ой бар», - дейді сүт зауытының құрылтайшысы Бағлан Салжанов.

Ал ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы кәсіпорынның жұмысын жолға қою үшін шамамен 50 млн теңгедей қаржы керектігін айтады.

Кәсіпорын қожайындары несие алғанда барлық дүние-мүлкін кепілдікке қойған. Жергілікті билік өкілдері қаражат алудың басқа көздерін тапты.

 «18 млн теңгеден үш адамға беретін болса, ол 54 млн деген сөз. «Даму» банкі екінші деңгейлі банктердің алдында 85 пайызына гарант болатын болса, қалған 15 пайызын олар өз қаражаттары есебінен тауып отыр», - деп атап өтті аудандық АШБ басшысы Дүйсенбек Ахметов.

Осылайша зауыттың үш үлескері қаржы тапса, келесі жылдың көктемінде кәсіпорын іске қосылмақ. Бұл зауыт бір ауысымда 10 тонна сүт өндіріп, 11 түрлі өнім шығаруға қауһарлы. Еш қалдықсыз, тіпті,  ең соңында көк сүттен сусабын да жасай алатын технологиясы бар. 

Соңғы жаңалықтар