Қарағанды облысында шалғай ауылдарға мобильді дәріханалар қатынауда

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат –Қарағанды облысының барлық шалғай ауылына мобильді дәріханалар қатынайды. Бұл тұрғындарды оңтайлы бағамен дәрі-дәрмектермен тез қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік жоба туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев айтып берді.

«Алғашқы жылжымалы дәріханаларды 2020 жылы ең шалғай аудандар – Ұлытау және Ақтоғай аудандарына сатып алдық. Мысалы, Ақтоғай ауданында бірде-бір жеке дәріхана болмаған, сондықтан тұрғындар үшін бұл мәселе өзекті еді. Жылжымалы дәріханалар өздерін ақтады. Қазір олармен облыстың барлық аудандары қамтамасыз етілген. Жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылды. Бүгін барлық 9 жылжымалы кешен ауыл тұрғындары үшін қызмет көрсетуде. Олар дәрі-дәрмек қорын толықтыру үшін аудандардан облыс орталығына келді», – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Гамаль Тоқсамбаевтың айтуынша, мобильді дәріханалардың ассортименті үлкен – 2,5 мың атауға дейін. Дәрі-дәрмектер көтерме саудагерлерден сатып алынады, бөлшек сауда үшін үстеме баға небәрі 5% құрайды. Бұл ауыл тұрғындарының уақыты мен ақшасын үнемдейді.

«Жылжымалы дәріхана пункті қараша айынан бастап жұмыс істейді. Ауданда 27 елді мекен бар. Күнделікті жүру кестесі бар. Автодәріхана оларға қашан келетінін адамдар алдын ала біліп отырады. Дәрі-дәрмек ассортиментін ұлғайтуға тырысамыз және жеке тапсырыстар қабылдаймыз. Әрине, бұл тұрғындар үшін ыңғайлы және пайдалы. Өйткені кейбір ауылдардан таксимен аудан орталығына бару 5–6 мың теңгені құрайды», – деді Нұра ауданының орталық аудандық ауруханасының директоры Орал Мазитов.

Осакаров ауданында мобильді дәріхана желтоқсан айында іске қосылды. Тұрғындар артықшылықтарды бағалап үлгерді.

«Бұл жақсы көмек. Біздің ауданда 46 елді мекен бар. Коммерциялық дәріханалар барлық ауылдарда бола бермейді, тек ең үлкендерінде. Күн сайын, алдын ала бекітілген кесте бойынша жылжымалы дәріханалар жүріп тұрады. Адамдар өте риза», – дейді Юлия Бухкамер, Осакаров ауданының орталық аудандық ауруханасы директорының орынбасары.

Жылжымалы дәріханалардың шығу кестесі Денсаулық сақтау басқармасының Instagram парақшасында орналастырылған.




Соңғы жаңалықтар