Қарағанды облысында сауда орталықтары мен дәмханалар қашан ашылатыны мәлім болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында сауда орталықтары, дәмханалар мен мейрамханалар 29 мамырда ашылады.

Балабақшалардағы кезекші топтар 1 маусымда ашылады. Бұл туралы Saryarqa телеарнасында тікелей эфир арқылы өткен брифингте Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

29 мамыр күні дәмханалар мен мейрамханалар, 30 адамға дейінгі сиятын жазғы террасалар, қонақ үйлер ашылады. Осы күні сауда ойын-сауық орталықтары да ашылуы тиіс. Алайда оларда орналасқан балалар алаңдары мен кинотеатрлар жабық болады.

Сондай-ақ, COVID-19 індетінің өсімі төмендегенде және эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанда маусымның бірінші онкүндігінде Теміртау қаласы мен Ботақара кентін ашу жоспарланған.

Жеңіс Қасымбек карантиндік шаралардың босаңсуына қарамастан, санитарлық талаптарды қатаң сақтау, қоғамдық орындарда маска киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтау және санитайзерлерді пайдалану қажеттігін атап өтті.

«Карантин – коронавирустық инфекцияның алдын алудың бірден-бір тиімді шарасы. Суық тию белгілері кезіндегі өзін-өзі оқшаулау және дәрігерді жедел шақыру, маскаларды кию, кезекте, қоғамдық көлікте, серуендеу кезінде әлеуметтік қашықтықты сақтау - бұл санитар дәрігерлердің талабы ғана емес, бұл өркениетті қоғамның барлық мүшелері сақтауы тиіс қазіргі заманғы этикеттің жаңа ережелері», - деді ол.

Сондай-ақ, аймақ басшысы КВИ індетінің өсуі төмендеген жағдайда ғана карантиндік шараларды одан әрі жеңілдетуге болатынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар