Қарағанды облысында орман мен далалы алқап өртеніп жатыр

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында орман мен дала алқаптары өртеніп жатыр. Жалын Қарқаралы және Бұқар Жырау аудандарының аумағын шарпыған. Оқиға орындарында 300-ге жуық адам, 44 техника және 2 тікұшақ жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарқаралы ауданындағы Қу орманшылығының аумағындағы өртті жоюға Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Қу шаруашылығының, жергілікті атқарушы органдардың, өртке қарсы ерікті құрылымдардың, жергілікті полиция қызметінің, ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК, «Алтай Полиметалы» ЖШС-ның күштері мен құралдары жұмылдырылды.

Өрт орнында барлығы 280 адам, 44 бірлік техника, 2 тікұшақ жұмыс істеп жатыр.

ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ авиациясының көмегімен су шашу жұмыстары жалғасуда. 22 маусым сағат 17:00-дегі жағдай бойынша 12 рет су шашылды.

«Қолғаалынған шаралардың арқасында алдын ала болжам бойынша 250 га алаңда өрт ауыздықталды. Таулы жерлер, даланы түтін басуы, жел бағытының өзгеруі өртті сөндіруді қиындатып отыр. Лапылдап жанып жатқан жерлер жоқ. Тек бұталар мен шөптер бықсып жатыр. Қазіргі уақытта түтін шығып жатқан жерлерді жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елді мекендерге қауіп жоқ. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Бұқар Жырау ауданы аумағындағы Белағаш орман шаруашылығында 100 га және 1,5 га орман алқаптарында тұтанған құрғақ шөпті сөндіру жұмыстары жүргізілді. Өрт 22 маусым күні таңертең ауыздықталды. Зардаптарды жою бойынша жұмыс жалғасуда. Оқиға орнына Қарағанды облысы ТЖД-нің 142 қызметкері мен 27 техникасы, ҚР ТЖМ-нің 52859 әскери бөлімі, өртке қарсы ерікті құрылымдары, орман шаруашылығы және жергілікті атқарушы органдары жұмылдырылды.

Айта кету керек, осыдан екі күн бұрын Қарқаралы ауданында, Қоянды ауылынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде құрғақ шөптің өртенгені туралы хабарлама келіп түскен. Өртті сөндіруге 44 қызметкер мен 7 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ табиғи апатпен күреске 13 жұмысшы мен 3 бірлік техникадан тұратын ерікті өртке қарсы құрамалар көмектесті.

Алдын ала мәліметтер бойынша жалын 1500 гектардан астам аумақты шарпыған. Бір тәуліктен кейін құтқарушылар өртті сөндірді.


Соңғы жаңалықтар