Қарағанды облысында «Мерейлі отбасы» байқауында кеншілер әулеті жеңіске жетті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында «Мерейлі отбасы» өңірлік кезеңінің қорытындысы шықты. Бірінші орынды Шахтинскідегі кеншілер әулеті иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл байқаудың аудандық/қалалық және облыстық кезеңдеріне қатысу үшін 200-ден астам отбасы өтінім берді. Оның ішінде 36 отбасы өңірлік турға өтті. Байқау онлайн форматта өткізілді.

«Комиссияның шешімімен байқаудың өңірлік кезеңінде бірінші орын Шахтинск қаласынан Косолаповтар отбасына берілді. Бұл төртінші буындағы кеншілер әулеті, өңірдің көмір шахталарында жалпы жұмыс өтілі 400 жылға жуық. Дәстүрлі құндылықтары бар отбасы. Екінші орынды Шет ауданынан Ыдырысовтар иеленді. Үшінші орынды Саран қаласының Қуат отбасы иеленді», – деді Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын.

Косолаповтар отбасында шахтада отағасымен қатар жұбайы да жұмыс істейді.

Олар «Мерейлі отбасы» байқауына бірінші жыл қатысып отырған жоқ. 2017 жылы байқаудың қалалық турында бірінші орынды иеленді.

Отағасы Валерий Косолапов Ленин атындағы шахтада тік ұңғылардың үңгілеушісі, ал Людмила - аға табельші болып жұмыс істейді.

Олар 18 жыл бұрын үйленген және екі ұл тәрбиелеп отыр.

«Біздің отбасымыз – төрт ұрпаққа дейінгі кеншілер. Қазіргі уақытта «АрселорМиттал Теміртау» Көмір департаментінің кәсіпорындарында біздің отбасымыздың 12 мүшесі еңбек етеді. Егер шығу тегімізден кететін болсақ, біздің жерасты кеншілерінің бірлескен өтілі 365 жылдан астам уақытты құрайды. Шахталарда күйеуім, әкем, ағаларым, тәтелерім жұмыс істейді, жақында анам зейнетке шықты. Барлығы 12 адам. Күйеуім екеуміз шахтаға 2006-2007 жылдары келдік. Осы уақыт ішінде екеуіміз де өз жұмысымызды жақсы көріп кеттік. Күйеуім 2019 жылы «Жыл шахтері» номинациясында жеңіске жеткені үшін «Жыл адамы» сыйлығына ие болды», – деді Людмила.

Косолаповтардың отбасында татулықтың және некеде бақытты болудың құпиясы – өзара көмек және өзара түсіністік екенін атап өтті. Ерлі-зайыптылар үйленіп, балалы болғаннан бері «мен» сөзін ұмытып, оны «біз» дегенге алмастырған.

«Біздің отбасымыз үлкен, тату және интернационалдық. Біз Қазақстанның барлық мерекелерін, сондай-ақ православиелік және мұсылмандық мерекелерді атап өтеміз. Біз дәстүрлі бешбармақ дайындаймыз, славян тағамдарын да жақсы көреміз. Мұның бәрі бізді біртұтас етеді. Туыстармен бірге үлкен жиын өткізгенді жақсы көреміз, бірге саяхаттаймыз. Біздің отбасымызда ерлер мен әйелдердің міндеттері деп бөліну жоқ. Біз бәрін бірге жасаймыз және әрқашан бір-бірімізге көмектесуге тырысамыз. Әрине, біздің әрқайсымыздың өз мүдделеріміз, сүйікті іс-әрекеттеріміз, өз көзқарасымыз бар. Біз бір-бірімізді құрметтейміз. Мүмкін, ұзақ және бақытты қарым-қатынастың құпиясы осында болар», - дейді Людмила.

Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде Қарағанды облысының намысын қорғайды.

Байқау ұйымдастырушыларының ақпараты бойынша, биыл барлық финалистер автоматты түрде конкурс лауреаты атағына ие болады.

Естеріңізге сала кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің оң бейнесін насихаттауға, сондай-ақ отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған. Ол Елбасының бастамасымен 2014 жылдан бері өткізіліп келеді.




Соңғы жаңалықтар