Қарағанды облысында меценат ауыл ауруханасына жол талғамайтын көлік сыйлады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Шет ауданы Қызылтау ауылының тұрғыны ауыл ауруханасына жол талғамайтын көлік сыйлады.

Енді дәрігерлер жылдың кез келген мезгілінде шалғайдағы ауылдарда тұратын науқастарға дер кезінде, еш кедергісіз көмек көрсете алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағадыр кенті ауруханасының құрылымдық бөлімінің басшысы Есенжол Жазыбаев алты жыл бойы медициналық мекемеге көлік қажет екенін алға тартқан. Енді ауыл дәрігерлері пациенттерді емдеу немесе тасымалдау үшін шалғай жерлерге еш кедергісіз бара алады. Өзекті мәселені шешуге осы ауылда туып-өскен меценат Әсет Дәндібаев көмектесті.

«Қызылтау ауылының тумасы, Әсет Дандыбаев азаматқа емхана ұжымдары атынан, жалпы халық атынан алғысым шексіз. Отбасына амандық тілеймін. Еңбегі жемісті болып, халқына қызмет жасай беруіне тілектеспін», - деді Ағадыр кенті ауруханасының құрылымдық бөлімшесінің басшысы Есенжол Жазыбаев.

Жаңа көліктің арқасында жергілікті дәрігерлер Ортау, Қызылтау, Өспен, Қайрақты, Жұмыскер, Киікті және Мойынты ауылдарының тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсете алады.

Кәсіпкер жерлестеріне көмектесуді өзінің міндеті деп санайды.

«Дүниежүзін жаулаған коронавирус індеті бүкіл әлемге зардабын тигізіп жатыр. Қазақ халқына да бұл ауру өзіндік кесірін тигізді. Осы уақыт аралығында әр азамат жауапкершілікпен қарап, жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей қолынан келген көмекті жасау керек деп есептеймін. Бұл әр азаматтың борышы деп ойлаймын», - дейді «ARCI METTAL» ЖШС Бас директоры Әсет Дәндібаев.

Шет ауданында қайырымдылық шаралары жалғасуда. Ақадыр кентінің тұрғындары қоғамдық қор арқылы жиналған қаражатқа пациенттерге 3 оттегі аппаратын сатып алып, жеткізді. Сонымен қатар, Ортау және Өспен ауылдарының тұрғындары медициналық мекемелерге ет пен қымыз таратты.

Соңғы жаңалықтар