Қарағанды облысында комқызметке өтемақы алуға 33 мыңнан астам адам өтінім тапсырды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында коммуналдық қызметтерді өтеу есебіне 15 мың теңге алуға 33 133 адам өтініш берді. Оның ішінде 12 350 өтінім мақұлданды. Бұл туралы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ең басты өзгеріс – егер бұрын мемлекеттік төлем аударылған абоненттік шот өтініш берушінің өзіне ғана тиесілі болу керек болса, қазір ақша осындай көмек түріне тиісті адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелерінің бірінің шотына да аударылады.

Тұрғын үйді жалға алатын және әлеуметтік жағынан осал топтарға кіретіндерге келер болсақ, коммуналдық өтемақы алу үшін бұрынғысынша пәтерді жалға алу бойынша ресми келісімшарт қажет. Тек осы құжат болған жағдайда ғана 15 мың теңге есептеледі.

Материалдық көмек берілетін адамдардың санаттары бұрынғысынша өзгеріссіз қалды. Төлемдер келесі санаттағы азаматтарға беріледі: барлық топтағы мүгедектер; соғыс ардагерлері мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; көп балалы отбасылар; ең төменгі және одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер; жалғыз басты зейнеткерлер; мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, ғарышқа ұшуларды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары және т. б. АӘК алушылар.

Өтініш беру үшін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының сайтында форманы толтыру қажет (ЖСН, әлеуметтік мәртебе және жеке шот деректерін көрсете отырып) - https://oblenergetika.kz/. Өтінімдерді сондай-ақ [email protected] электрондық поштасына жіберуге болады. Қаражат ақшаны алушының абоненттік шотына автоматты түрде аударылады және төленген түбіртек келеді. Жазбаша немесе ауызша жауап нормасы жоқ. Материалдық көмек есептелді ма, жоқ па, келесі түбіртекті алған кезде ғана білуге болады. Яғни, бұл ақша бірден коммуналдық қызмет көрсетуші компанияға аударылады. Ал егер шот төленген болса, онда олар артық төлем ретінде қалады және келесі төлем кезінде ескерілетін болады.

Сәуір айына арналған коммуналдық қызметтер үшін шотты өтеуге өтінімдер 25 мамырға дейін қабылданады. Сәуір айында төленген түбіртектер келген соң, келесі айға өтінім беруге болады. Осылайша, өтінішті екі рет беру керек.

Ұлантай Үсенов сондай-ақ карантин кезінде коммуналдық қызметтерге шоттарды төлемегені үшін өсімақылар мен айыппұлдар есептелмейтіндігін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік жағынан осал азаматтар коммуналдық қызметтерді төлеу есебінен 15 мың теңге ала алады. Бұл соманы қызмет көрсетуші компаниядағы алушының абоненттік шотына бірден аударады. Егер жалпы есеп бір айда 15 мың теңгеден кем болса, қалған ақша келесі айда қызметтерді төлеуге автоматты түрде аударылады.


Соңғы жаңалықтар