Қарағанды облысында кеншілердің жалақысы көтерілетін болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында кеншілердің жалақысы көтерілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Абай» кенішіндегі қайғылы оқиғадан кейін кеншілер көтерген мәселелер шешімін таппақ. 10 күн бойына келісім комиссиясы жұмыс істеді, оның құрамына кәсіподақ ұйымдары, әр кеніштен белсенділер, жергілікті атқарушы орган өкілдері кірді. Комиссияны Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек басқарды.

Бүгін аймақ басшысы Ж.Қасымбек Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен тікелей эфирде келісім комиссиясы жұмысының қорытындысын баяндады.

«12 талап қойылды. Олардың барлығы әділ. Мен барлық шахталарды аралап шықтым, кеншілермен кездесулерде толғандыратын барлық мәселені талқыладық», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Компания өз мойнына қандай міндеттемелерді алды:

- жыл сайын 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейінің 100% көлемінде жалақыны индекстеуді жүзеге асыру;

- өндірістік-экономикалық көрсеткіштер жоспарының орындалуына қарамастан, биылғы желтоқсан айында 13-ші еңбекақы төлеу;

- желтоқсанда жалақыны 15–17 пайызға көтеру;

- кадр тапшылығын жою, ол үшін желтоқсан айының соңына дейін нормативті сандық және штаттық кестені әзірлеп, ай сайын олар толық қамтылғанға дейін кемінде 100 адамды жұмыспен қамту;

- жұмыс автобустарын жаңарту;

- 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін жұмысқа орналасқан қызметкерлердің демалыс күндерінің санын көбейту;

- ұзақ уақыт ауырған адамдардың еңбекке жарамсыздық парағындағы төлемдерді 50 АЕК-ке дейін арттыру;

- шахталарда техникалық аудит жүргізу және ескірген жабдықты пайдаланудан шығару;

- тау-кен-геологиялық жағдайларға байланысты жоспарлау тапсырмаларын түзету.

Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты жұмыс тобы құрылды. Мамандар 1996 жылдан бері орын алған апаттардың барлығын тексеретін болады. Талдау негізінде іс-шаралар жоспары жасалуы керек.

Заңнамадағы өзгерістер үш мәселені, соның ішінде зейнет жасын төмендетуді талап етеді. Олар бойынша үкіметке хаттар жолданып, жұмыстар жүргізілуде.

«Келісім комиссиясының жұмысы аяқталған жоқ. Қабылданған шешімдердің орындалуын өзім қадағалайтын боламын. Ол үшін ай сайын кездесіп, екі жақты тыңдайтын боламыз», – деп сендірді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ облыс әкімі кеншілер қалалары – Абай, Шахтинск және Саранды дамыту жоспарларына да тоқталды. Бұл қалаларда тұрғын үй құрылысын, жолдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеу, көшелерді абаттандыру жалғасады.


Соңғы жаңалықтар