Қарағанды облысында Қазақстан халқының бірлігі күні игі істермен атап өтілуде

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандының Достық үйінде Қазақстан халқының бірлігі күні онлайн режимінде дөңгелек үстел өтті. Барлық облыстан этнобірлестіктер байланысқа шықты. Ұлттық-мәдени орталықтардың басшылары мен белсенділері жерлестерін мерекемен құттықтап, игі істер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше мәнге ие болады. Осы жылдар ішінде біз қоғамымыздағы бірлікті, бейбітшілік пен келісімді сақтай алдық деп нық сеніммен айта аламыз. Елбасы атап өткендей, бұл ең алдымен бір-біріне, жақын жерде, бір жерде өмір сүруді үйренген адамдардың еңбегі. Қиын және қуанышты кезеңдерде біз әрқашан бірге болдық. Біз бірге пандемияның қиын кезеңін бастан өткерудеміз. Әрбір этномәдени бірлестіктің, сіздердің әрқайсыңыздың қосқан үлестеріңіз баға жетпес. Бір шаңырақ астында біріккен біздің ортақ өміріміз осы», – деп құттықтады аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі жас ұрпақты толеранттылыққа, өзара көмек пен бірлік сезіміне тәрбиелеу үшін жастармен жұмысты күшейтуге шақырды.

Мерекеге орай этномәдени бірлестіктер экологиялық және қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды. Мысалы, Жезқазғанда үлкен қазанда палау дайындап, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға дастархан жайылды. Осакаров ауданында Пионер балалар үйінің тәрбиеленушілері сыйлық алды.

Балқашта «Возрождение» неміс орталығының мүшелері еріктілермен бірге көлдің жағалауын ретке келтірді.

«1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні – ерекше мереке. Біздің еліміз – түрлі этностар мен ұлттар бейбіт өмір сүретін көпұлтты үй. Мұндай күні біздің әсем жерімізге қамқорлық жасау маңызды. Біз Балқаш Қазақстанның топ-10 туристік аймағының қатарына кіретінін мақтан тұтамыз», – деп атап өтті этнобірлестіктің белсендісі Ольга Потанина.

Қарағандыда экологиялық акция «Қарағанды облысының корейлері атынан қазақ халқына алғыс» естелік белгісінің жанында өтті.


Соңғы жаңалықтар