Қарағанды облысында карантин кезінде бизнеске қандай қолдау көрсетілуде

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Соңғы 7 айда Қарағанды облысының 2 мыңнан астам кәсіпкері мемлекеттен қаржылай қолдау алды. Бұл мақсатқа шамамен 72 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бизнеске қатысты дағдарысқа қарсы қандай шаралар қабылданғанын өңірлік кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде айтып берді.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша осы жылдың тамыз айында 1,7 миллиард теңге сомасында қосымша қаражат түседі.

Қаржыландырудың жалпы сомасы 8,7 миллиард теңгені құрайды, бұл 2020 жылдан 3 есе көп. Қыркүйек-қазан айларында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін осы бағдарлама бойынша гранттарға байқау басталады», – деп мәлім етті ведомство басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 шілдеге дейін шағын және орта бизнесті жалдау ақысынан босату ұзартылды. Бұл мемлекеттік және квазимемлекеттік меншіктегі нысандарға қатысты болды. Барлығы 608 шарт тоқтатылды.

Пандемиядан ең көп зардап шеккен экономика секторлары үшін жеңілдетілген несие беру жобасы жұмыс істейді. Қажетті несиені бизнесмендер жылдық 6%-бен ала алады. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасының түлектері үшін шағын және орта бизнеске жеңілдікпен шағын несие беру жұмыс істейді. Осы айдан бастап «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 500 шағын несие берілетін болады.

Татьяна Аблаеваның айтуынша, ауыл кәсіпкерлері үшін несиенің максималды сомасы 7,3 миллион теңгені, ал қала кәсіпкерлері үшін – 23,4 миллион теңгені құрайды.

Тамыз айында жастар кәсіпкерлігін дамытуға облыс әкімінің 100 грантын беруге өтінімдер қабылдау басталады. Бір грант - миллион теңге. Сонымен қатар, өңірдің барлық қалалары мен аудандарында жас кәсіпкерлерге грант беру жалғасуда.

«Бүгінде Бұқар жырау, Қарқаралы, Жаңаарқа аудандарында және Саран қаласында гранттар берілді. Бұл мақсатқа барлығы 150 миллион теңге қарастырылған», – деп атап өтті Татьяна Аблаева.

Гранттар «Еңбек» бағдарламасы бойынша да бөлінеді. Қазірдің өзінде әрқайсысы 200 АЕК бойынша 685 грант берілді. Жыл соңына дейін тағы 290-ы іске асырылатын болады.

«Осы жылдың 7 айында 2 мыңнан астам кәсіпкерге 71,8 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. «Бастау Бизнес» бойынша 1 247 адам

оқытылды», – деп қорытындылады сөзін спикер.


Соңғы жаңалықтар