Қарағанды облысында қандай жаңа өнімдер шығарылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы өз өнімдерін әлемнің 40 еліне жеткізеді. Алдағы уақытта экспорттық әлеует артуы мүмкін. Сондықтан кейбір тауарларды шетелден әкелудің қажеті болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа өндірістерді құру, импортты алмастыру бойынша 2022 жылға арналған жоспарлар туралы Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков баяндады.

- Облыс өнеркәсібі тұрақты дамып келеді. Биылғы жылға қандай мақсаттар қойылды?

- 2022 жылға өнеркәсіп өндірісі 2%-ға өсумен 4,2 трлн теңге деңгейінде жоспарланған. Инвестициялар да оң динамика көрсетеді деп күтілуде – 835 млрд теңге, өсім 2,8%. Олардың негізгі үлесі жеке инвестицияларға келеді. 2025 жылға дейін 50 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Биыл 16 жоба аяқталуы тиіс, олар облыс тұрғындарын 2200 жұмыс орнымен қамтамасыз ете алады.

- Жобалар туралы толығырақ айтып берсеңіз. Импортты алмастыру бойынша қандай жоспарларыңыз бар?

- Ең ірі жоблардың бірі – Балқаш қаласындағы қуаты 100 мегаватт күн электр станциясы, Qaz Carbon компаниясының агломерациялық зауыты, «Беркут» СП» ЖШС өнеркәсіптік жарылғыш заттар шығаратын зауыты. YDD Corporation ферроқорытпа зауытында төртінші пешті іске қосу жоспарлануда, бұл оның қуаттылығын арттырады.

Жезқазғанда жыл соңына дейін «Қазақмыс» корпорациясының тәжірибелік гидрометаллургиялық зауыты іске қосылады деп күтілуде. Бұл жобаны жүзеге асыру жылдар бойы жинақталған мыс балқыту қалдықтарын жаңа технология бойынша өңдеуге мүмкіндік береді.

Саран қаласында ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірлесіп KamaTyresKZ шина шығаратын зауыт салынып жатқанын білесіздер. Жоспар бойынша осы жылдың соңында іске қосылады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты бірінші кезеңде жылына 3,5 млн дана дөңгелекті құрайды. Мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Саран қаласында орналасқан майлықтар мен қағаз сүлгілер шығаратын Sunpaper компаниясында да жақсы жаңалықтар бар. Өнімдер сұранысқа ие, тұтынушылар арасында сауда үйлері, дәмханалар мен мейрамханалар, қонақ үйлер, ірі компаниялар бар. Кәсіпорын қазір шикізатты Ресейден және басқа елдерден сатып алып жатыр, енді өнімдерді өз күшімен шығара бастайды. Бұл жергілікті қамтуды арттырып, өндірісті кеңейтеді. Есептеулер бойынша жоба жүзеге асырылғаннан кейін қуаттылық жылына 21,4 мың тонна қағаз өніміне дейін ұлғаяды.

Облыста тау-кен өнеркәсібі үшін геомембрандар, металлургия кәсіпорындары үшін химиялық реагенттер өндірісін жолға қою жоспарлануда. Бұл импортты алмастыратын және экспортқа бағытталған өнімдер.

- Облыстың сыртқы сауда айналымы артып келеді. Экспорт құрылымында не басым? Қарағанды өнімдерін қай елдер сатып алады?

- Қарағанды облысы өнеркәсіп өнімдерін әлемнің 40 еліне экспорттайды. Жеткізудің ең көп көлемі Ресей мен Қытайға тиесілі. Басқа серіктестер Өзбекстан, Украина, Беларусь, Қырғызстан, Евроодақ елдері.

Экспорттың негізгі түрлеріне қара және түсті металлургия, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, машина жасау, резеңке және пластмасса бұйымдары, кабель және сым бұйымдары жатады.

Жаңа өндіріс орындары іске қосылған сайын облыстың экспорттық мүмкіндіктері де арта түседі.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар