Қарағанды облысында екі жаңа компьютерлік томограф іске қосылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Жақын арада Қарағанды облысының медициналық мекемелерінде екі жаңа компьютерлік томограф орнатылады. Бұл туралы онлайн режимінде өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңадан орнатылатын компьютерлік томографтың бірі 29 маусымда, келесі дүйсенбіден бастап іске қосылады. Ол Сейфуллин көшесі, 13 үй мекенжайында орналасқан Мақажанов атындағы Травмотология және ортопедия орталығында орнатылады.

Екіншісі Шахтинск қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша сатып алынады.

COVID-19 тестілеу ауқымын арттыру үшін Теміртауда 1 шілдеде ПТР-зертханасы ашылады.

«Қазір жедел жәрдем мәселесі өткір тұр. Облыста ЖРВИ және пневмония белгілері бар тұрғындардан келіп түсетін шақырулар саны 20%-ға өсті. Күн сайын фельдшерлер мыңнан астам шақыруға қызмет көрсетеді. Жағдайды реттеу үшін біз Теміртау мен Қарағандының әр емханасында 2-3 қосымша бригада ұйымдастырдық», - деді Ержан Нұрлыбаев.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы атап өткендей, жағдайдың ушығуына кадрлар тапшылығы себеп болып отыр. Ол барлық сақтық шараларына қарамастан, дәрігерлер де ауыратынын айтты. Бұл мәселені шешу үшін басқа өңірлерден мамандар жұмылдырылады.

Қарағанды облысының тұрғындары жедел жәрдемнен басқа дәріханаларда вирусқа қарсы және дене ыстығын түсіретін препараттардың жетіспеушілігіне шағымдануда.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы тапшылық жасанды түрде жасалған, дәрі-дәрмектер жеткілікті мөлшерде қоймаларда бар екенін мәлімдеді.

«Адамдар дәрі-дәрмекті қажет болмаса да сатып алады. Мұндай әрекеттерге бармаудың бірнеше себебі бар: біріншіден, дәрі-дәрмектің жарамдылық мерзімі бар; екіншіден, кез келген дәрі - химия. Оны белгіленген уақытта және қатаң түрде қабылдау керек, әйтпесе адамдар өз денсаулығына зиян келтіруі мүмкін», - деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.

Ол сондай-ақ дерттің алдын алу үшін вирусқа қарсы құралдарды қабылдау тиімсіз екенін түсіндірді, себебі мұндай дәрілер ағзадағы вирустарға ғана әсер етеді. Егер ол ағзада болмаса, онда препарат оны қабылдайтын адамға зиян келтіруі мүмкін.

Сондай-ақ, облыстың бас дәрігері коронавирус инфекциясымен ауырған науқастардан плазма алына бастағанын айтты. Соңғы зерттеулерге сәйкес, мұндай плазманы ауыр науқасқа құю аурудың барысын жеңілдетуі мүмкін.


Соңғы жаңалықтар