Қарағанды облысында бизнесті жеңіл жүргізетін аймақтар анықталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат -Қарағанды облысында өңірлер бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша рейтингтік баға алды. Меже 13 индикатордан тұрады, онда ШОБ дамыту, қаржылық қолдау, жұмыспен қамту және инвестициялар сияқты көрсеткіштер ескеріледі. Бес айдың қорытындысы бойынша Қаражал қаласы, Ұлытау және Жаңаарқа аудандары үздік үштікке енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

Бизнес климатты жақсарту бойынша шаралар онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте талқыланды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бұл жұмысты, әсіресе қалаларда күшейтуді талап етті.

- Облыстың бизнес-ахуалын жақсарту әрбір өңірдің кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесіне тікелей байланысты. Біз 5 ай ішінде бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша аймақтардың рейтингінің алдын ала қорытындысын шығардық. Өңірлер кемшіліктерді көре алады. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша рейтинг шығарылады, - деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Өткен жылы облыстың шағын және орта кәсіпорындары 1,4 трлн теңгенің өнімін өндірді. Бұл көлем екі алыптың – «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» кәсіпорындарының өнім шығарылымына тең, деп атап өтті баяндамашы.

Шағын және орта бизнес саласында ісін дөңгелетіп жүргендер саны да артты.

Татьяна Аблаева ШОБ-ты қаржылай қолдау туралы да айтып өтті. Оның айтуынша, Бизнестің жол картасы бойынша жыл басынан бері жалпы сомасы 4,2 млрд теңге болатын 99 жоба қаржыландырылды. «Еңбек» бағдарламасы бойынша бірінші жартыжылдықта 1,1 млрд теңгеге 210 шағын несие берілді. Оның көп бөлігін ауыл кәсіпкерлері алды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 5,3 млрд теңгенің 63 жобасы мақұлданды.

Биыл облыстың 14 өңірінде жас кәсіпкерлерге жергілікті бюджеттен гранттар бөлінді. Жаңаарқа және Қарқаралы аудандарында жобалар қаржыландырылды.

- Сәуір айынан бастап ТЖ кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген несие берудің жаңа бағдарламасы басталды. Мөлшерлеме - 8%. Екінші деңгейлі банктердің ақпараты бойынша, 15,8 млрд теңгені құрайтын 58 жоба мақұлданды, - деді басқарма басшысы.

Жеңіс Қасымбек бизнесті қолдау және жобаларды несиелендіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

- Шағын және орта бизнесті дамыту – әкімдердің жұмыс көрсеткіші. Біздің қалаларымызда үлкен мүмкіндіктер бар және барлық ресурстарды пайдалану, кәсіпкерлік үшін қолайлы орта құру қажет, - деп атап өтті облыс әкімі. - Дағдарысқа қарсы шаралар аясында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бұрын-соңды болмаған қаражат бөлінді – 71 млрд теңге. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттардың экономикасы», «Ауыл - ел бесігі» бағдарламалары бойынша қаржыландыру ұлғайтылды. Мұның бәрін тиімді пайдалану керек.


Соңғы жаңалықтар