Қарағанды облысында бизнеске қандай қолдау көрсетіліп отыр

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында қазіргі уақытта 90,7 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Осы салада жұмыс істейтіндердің қатары артты. Белсенділікке мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бизнес қандай көмекті пайдалана алатындығы туралы Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде айтып берді.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәсіпкерлер үшін ШОБ-тың барлық қолданыстағы несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жылдық 6% жүзеге асырылады.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша биыл облыста 57,7 млрд теңге инвестиция сомасына 821 жоба мақұлданды. Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау түрінде 380 жоба қолдау алды. 440 жоба бойынша кепілдік берілген.

Мысалы, мемлекеттік қолдаудың көмегімен «Жезқазған-Эйр» авиакомпаниясы әуежай үшін техника сатып алады.

Өткен жылмен салыстырғанда БЖК бағдарламасын қаржыландыру 2,5 есеге артты. 2021 жылға 7 млрд теңге қарастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдан бастап БЖК бойынша салалық шектеулер алынып тасталды. Субсидиялауға жататын несиелер сомасы 5 жыл мерзімге 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Айналым қаражатын толықтыру үшін несие сомасы бірінші бағыт бойынша 360 млн теңгеге дейін, екінші бағыт бойынша 500 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Екінші бағытқа сай сауда саласындағы жобалар бойынша айналым қаражатын толықтыруды субсидиялауға жататын несие сомасы 100 млн теңгені құрайды. Бұл ретте несиелерге 85% дейін кепілдік беріледі.

Мемлекет басшысы пандемия кезінде зардап шеккен экономика секторлары бойынша несиелерді субсидиялау мерзімін ұзартуды тапсырды. Осы жұмыс аясында экономикалық қызмет түрлерінің 93 жалпы жіктеуіші анықталды. Субсидиялау мерзімі 2021 жылдың 1 сәуірінен 1 шілдесіне дейін үш айды құрайды.

«Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы»

«Еңбек» жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша 6% шағын несие беру енді ғана басталды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша шағын несиелер «Атамекен Қарағанды» микроқаржы ұйымы арқылы «Бастау Бизнес» жобасының түлектеріне берілетін болады. Биыл жалпы сомасы 3,8 млрд теңгеге мыңға жуық шағын несие беру жоспарланып отыр.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша бірінші лек оқудан өтуде. Биыл облыстың 1 250 тұрғыны тегін кәсіпкерлік курстарынан өте алады деп жоспарлануда.

«Қарапайым заттар экономикасы»

Жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы Қазақстанда 2019 жылдан бастап жұмыс істейді.

Қарағанды облысы бойынша 232 әлеуетті қатысушы анықталды. Қазіргі уақытта 25 млрд теңге инвестиция сомасына 173 жоба мақұлданды. Биыл жеті жоба қолдауға ие болды.

Мысалы, бағдарлама бойынша «Евразиан Фудс» АҚ – маргарин өндіру желісін кеңейтуге; «Альфарух» ЖШС – көтерме-тарату орталығының құрылысына; «Жәке» ШҚ – ірі қара малға арналған ауқымды бордақылау алаңын құруға қолдау көрсетілді.

Гранттық қаржыландыру

Жас және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер өз ісін құруға және дамытуға гранттар ала алады.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бойынша биыл гранттық қаржыландыруға 56,4 млн теңге қарастырылған. Өткен жылдың тәжірибесі бойынша гранттың орташа чегі 4 млн теңгені құрайды.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша 448 млн теңге сомасына 768 грант беру жоспарланған. Жыл басынан бері 159-ы берілді.

Жастар кәсіпкерлігін дамытуға гранттық қаржыландыру қарастырылған. Облыс әкімінің 100 грантын және қалалар мен аудандар әкімдерінің 150 грантын беру жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар