Қарағанды облысында бір әулеттің үш ұрпағы геология саласында еңбек етіп келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде геология саласының әлеуеті өте зор. Себебі, ел экономикасының қарышты дамып, ғылым мен өндірістің өркендеуінде бұл саласының алатын орны ерекше.

Осы ретте жер қойнауын зерттеп, осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген геолог мамандардың еңбегі орасан. Геологиялық қызметке бар өмірін арнап, еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі – Хамзиндер әулеті.

Бұл әулеттен ең алғаш болып қиындығы мен қызығы қатар жүретін салаға ден қойған – геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Халықаралық минералды ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Минералды ресурстар академиясының академигі Хамза Серікбай Хамзаұлы. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Татан ауылында дүниеге келген ол мектептен кейін ҚазМУ-дың геология-география факультетіне оқуға түседі. Университетті бітірген соң 1959 жылы Орталық Қазақстан басқармасының Қарағайлы геологиялық барлау партиялары тобына жіберіледі. Ол жерде кіші геолог, геолог болып жұмыс істеп, өзінің қарым-қабілетінің арқасында іздестіру тобының бастығы, экспедицияның бас геологына дейінгі жолды жүріп өтеді. Серікбай Хамзаұлы мұнымен тоқтап қалмай, үнемі жоғарыға өрлеп, биіктерді бағындырды. Қай биікке жетсе де ол адамдықтың адал жолынан айныған емес. Жұмыста талапшыл әрі сауатты басшы бола білген Серікбай Хамзаұлы 1975-1977 жылдары Алжирдегі кеңестік мамандар тобының жетекшісі болды, ал 1978-1992 жылдар аралығында Қарағайлы экспедициясының басшысы қызметін атқарды. Ол Қарағайлы және Кентөбе кен орындары аудандарының 1:50000 және 1:10000 масштабтағы геологиялық карталарын жасады. 1992-1998 жылдары «Орталыққазжерқойнауы» мемлекеттік мекемесінің басшысы, 1998 жылдан бастап Геология және жер қойнауын қорғау комитеті төрағасының орынбасары, 2000 жылдан ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрінің кеңесшісі болып қызмет атқарды. 2001 жылы ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі жанындағы Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің өкілдігін басқарды және осы министрліктің сараптау комиссиясының мүшесі болды. Осындай ерен еңбектерінің лайықты бағасын алып, «Ерен еңбегі үшін» медальімен, «В.И. Лениннің туғанына 100 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Ол геология тарихында Абыз және Кентөбе кен орындарын алғаш ашушы ретінде қалады. Пайдалы қазбаларды зерттей жүріп, түрлі ғылыми жұмыстар жүргізген. Серікбай Хамзаұлы 50-ден астам ғылыми жұмыстардың авторы, оның ішінде мемлекеттік тілдегі «Жердің жаратылуы, құрамы, құрылысы және тарихи дамуы» атты жоғары оқу орындарына арналған геология оқулығының бірлескен авторы.

Ол болашақ жары Жамал Ибрагимқызымен Алматы қаласында оқып жүрген кезінде танысып, 1959 жылы отбасын құрады. Геологтар отбасы 5 бала өсіріп отыр. Бүгінгі таңда геологтың 7 немересі және 8 шөбересі бар.

Қызметте де, отбасында да бақытқа бөленген Серікбай Хамзаұлы 2020 жылы 30 шілдеде о дүниеге аттанады.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, Серікбай Хамзаұлының үлкен баласы – Хамзин Берікбол Серікбайұлы әке жолын жалғап, геология саласына үлес қосып келеді. Ол 1960 жылы 19 наурызда Қарағанды облысының Қарағайлы ауылында дүниеге келген.

1982 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының геологиялық барлау факультетін бітірген Берікбол Серікбайұлы Қарағайлы геологиялық барлау экспедициясына жіберіліп, онда учаскелік геологтан бастап экспедиция бастығына дейінгі мансаптық өсудің барлық сатыларынан өтті, ал экспедиция қайта құрылып, акционерлік қоғамға айналғаннан кейін (1993 ж.) ол оның президенті болды.

Экспедицияда жұмыс істей жүріп, 1:50000 масштабтағы геологиялық барлау жұмыстарымен, түсті және бағалы металдар, темір, құрылыс материалдары кен орындарында егжей-тегжейлі іздеумен және іздеу-бағалау жұмыстарымен айналысты. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорлар комитетінде қорларды бекіту жұмыстарына жетекшілік етті.

Берікбол Серікбайұлы Тоғай 1, 2 темір кен орындарын алғашқы ашушы болып табылады. 1998 жылы «Орталыққазжерқойнауы» мемлекеттік мекемесінің орынбасары, кейін 1999 жылы бастығы болып тағайындалды.

2011 жылы Берікбол Серікбайұлы «Қазгеология» АҚ Ұлттық геологиялық барлау компаниясын құру жөніндегі ұйымдастыру мәселелерін шешу үшін Астана қаласына жіберіледі. Бүгінгі таңда ол компанияның бас геологы болып жұмыс істейді. «Қазгеология» АҚ-да жұмыс істеген уақытында геологиялық барлау жұмыстарына, отандық және шетелдік компаниялар үшін инвестициялық объектілерді іріктеу мен дайындауға, геологиялық барлау жұмыстарының жобаларын әзірлеуге, далалық жағдайлардағы учаскелерде жұмыстарды ұйымдастыруға әдістемелік басшылықты жүзеге асырды.

Берікбол Серікбайұлының қатысуымен және басшылығымен геологиялық барлау жұмыстарына 30-дан астам жоба әзірленді.

Ол Қазақстан мен Ресейдің, сондай-ақ алыс шетелдердің әртүрлі басылымдарында жарияланған 80-нен астам ғылыми мақалалардың авторы, Орталық және Солтүстік Қазақстанның қоршаған ортасының өңірлік проблемаларына арналған екі кітаптың бірлескен авторы. ҚарМТУ Ғылыми кеңесі (Қарағанды қ.) студенттерге арналған оқу құралы ретінде ұсынған «Жердiң жаратылуы, құрамы, құрылысы, даму тарихы» атты геологтарға арналған қазақ тіліндегі оқу құралының бірлескен авторы. Сонымен қатар ол ҚР Минералдық ресурстар академиясының және Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі болып табылады.

Берікбол Серікбайұлы қай жерде жұмыс істесе де ол жоғары кәсібилік, парасаттылық, таңдаған мамандығына жан-тәнімен берілгендігімен ерекшеленеді. Мұндай өлшеусіз еңбегі кезі келгенде еленіп те жүрді. Ол еліміздің дамуына қосқан үлесі үшін ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасының кен орнын алғаш ашушы», «Қазақстан Республикасының құрметті барлаушысы», «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. Сондай-ақ, 2016 жылы Берікбол Серікбайұлы ҚР «Алтын Гефест» ұлттық салалық байқауының «Жыл геологы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды.

Ол маман ретінде де, отағасы ретінде өмірден өз орнын таба білген жан. Жұбайы Ибраимова Әлия Мүсілімханқызымен бірге 2 бала тәрбиелеп отыр, 3 немересі бар. Отбасының тірегі, қамқор ұл сүйікті жар, бақытты әке әрі ата – Берікбол Серікбайұлы жұмыстан қолы қалт еткенде бос уақытын немерелеріне арнайды.

Хамзиндер әулетінде ата-бала жалғастығы сақталып келеді. Геолог Берікбол Серікбайұлының кенже ұлы Айдар да геолог мамандығын таңдады. Хамзин Айдар Берікболұлы 2009 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Геология және пайдалы қазба кен орындарын барлау» мамандығы бойынша бітірген. Магистр дәрежесі бар.

Өзінің еңбек жолын 2007 жылы «Бузгул Аурум» ЖШС компаниясында бастап, геологиялық мазмұндағы түрлі графикалық материалдарды құрастырумен және цифрлаумен айналысты.

2009 жылы «Әсем Тас-Н» ЖШС инженер-геолог болып ауысып, одан кейін жасақ басшысы болды. 2011-2012 жылдары «Достық» ЖШС-де бас геолог лауазымында жұмыс істеді.

2012 жылдың қазан айынан «Қазгеология» АҚ жұмысқа қабылданып, ол осы кәсіпорынның жетекші геологы болып елдегі пайдалы қазбаларды зерттеуге өз үлесін қосты. Жетекші геолог ретінде 1:50 000 масштабтағы аймақтық геологиялық зерттеулерді өндірумен, түсті, бағалы және қара металл кен орындарында іздеу және барлау жұмыстарын жүргізумен айналысады. Жұмыс барысында өнеркәсіптік кондициялардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге және Адаев, Копоткин, Елтай кен орындарының темір кендерінің қорларын есептеуге, Қасқырқазған учаскесіндегі мыс және молибден қорларын есептеуге қатысқан. Ол хромит кендерінің геологиялық кен орнын алғаш ашушы. Жапондық геологтармен бірге Қыземшек сирек кездесетін элементтер кен орнында бағалау жұмыстарын басқарды.

Айдар Берікболұлы бүгінде «ERG Exploration» АҚ Геологиялық барлау жұмыстарын талдау және жоспарлау бөлімінің бастығы. Өз саласының кәсіби маманына айналған ол геология саласының дамуына бар білім-білігін арнап келе жатыр.

Ол 2 ғылыми мақаланың авторы. Өзінің өндірістік қызметі үшін 2018 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2019 жылы «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Жары Хамзина Әсел Серікқызы екеуі 3 ұл тәрбиелеп отыр.

Сондай-ақ, осы әулетке іні болып келетін Еркін Хамзин де геология саласын жанына серік еткен жан. Ол Қарағанды Мемлекеттік университетін «Геология, іздеу және барлау» мамандығы бойынша бітіріп, 2021 жылдың сәуір айынан «Центргеолсъемка» ЖШС-да геолог қызметін атқарды. Еркін Хамзин бүгінде «Sarytogan graphite limited» австралиялық компаниясының мүддесін білдіретін «Үштоған» ЖШС жұмыс істейді.

Осылайша, Хамзиндер әулетінің жалпы жұмыс тәжірибесі 110 жылдан асады. Бүгінгі күні геология саласындағы «әулет» ұғымы жиі кездеспейтінін ескерсек, бұл саланың қиындығына қарамай, ата жолын қуған Хамзиндер әулетін мақтанышпен айтуға болады. Ел дамуына ықпал ететін ғылыми жаңалықтардың ашылуы да осындай туған жерін шексіз сүйетін ұлтжанды азаматтардың арқасы. Сондықтан, Хамзиндер әулетін ғылым мен білімнің, ерен еңбектің үлгісі деп айтуға әбден болады.

«Қазгеология» АҚ

баспасөз хатшысы

Қ.Е. Жұмаханова


Соңғы жаңалықтар