Қарағанды облысында арнайы кокс өндіретін зауыттың құрылысы басталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында ERG (Еуразиялық Топ) құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның өнеркәсіп алаңында арнайы кокс өндіретін жаңа зауыттың құрылысына капсула салу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қада қағу рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, ERG Директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов, «Еуразиялық Топ» ЖШС басқарма төрағасы Серік Шахажанов пен «Шұбаркөл көмір» АҚ президенті Рустам Ибрагимов қатысты.

«Шұбаркөл көмір» АҚ – Қазақстандағы ең ірі энергетикалық көмір өндірушілердің бірі. Негізгі өндіріспен қатар мұнда көмірді терең өңдеу бағдарламасы бар.

Жаңа зауыттың құрылысы – ERG-дің импортты алмастыру мемлекеттік бағдарламасына қосқан үлесі. Бұл бағытты дамыту қажет екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте айтқан болатын.

Жаңа кәсіпорында 120 жұмыс орны ашылады. Зауыттың қуаты – жылына 400 мың тонна өнім. Жобаға 40 млрд. теңгеден астам инвестиция құю жоспарланған.

Негізгі өнімнен бөлек, жылына 72 000 тонна көмір шайыры мен көмір майын өндіру көзделген. Өндіріске қажетті шикізат – Шұбаркөл кенішінің «Д» маркалы көмірі.

«Зауыт құрылысы импортты алмастыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылған табысты жобалардың бірі», - деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

«Жобаға шамамен 40 миллиард теңге инвестиция салу жоспарланып отыр, 120 жаңа жұмыс орны құрылады, барлық нормаларға толық сәйкес келетін заманауи жабдықтар жеткізіледі. Ең заманауи құралдар мен технологияларды қолдану есебінен Нұра ауданында жоспарланып отырған арнайы кокс өндірісі жаңа және заманауи зауыт болады.

2005 жылы Шұбаркөл көмір алаңында қуаты жылына 210 мың тонна арнайы кокс өндіретін зауыт салынды. Қара металлургияның дамуына байланысты, оның өнімдеріне қажеттілік артқан.

«ERG-дің Қазақстандағы ауқымды жоспарлары бар. Таяу жылдары біз жаңа жобаларға және қолда бар өндірістерді жаңғыртуға 6 млрд. доллардан астам инвестиция салуды жоспарлап отырмыз», - деді ERG Директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов.

«Арнайы кокс өндіретін зауыт салу – Шұбаркөл көмірі мен ERG жалпы өз қуатын арттырып келе жатқанының жарқын дәлелі. Біз жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін ұлғайта аламыз және қалпына келтіргіш импортының маңызды бөлігінен бас тарта аламыз. Осылайша, біздің Топ өндіретін феррохромдағы қазақстандық үлесті арттырамыз.

Жаңа зауытты Sinosteel Equipment and Engineering CO LTD. компаниясы жобалаған. ЕРС-келісім шарттарына сәйкес бүкіл құрылыс, сондай-ақ іске қосу-жөндеу жұмыстарын China Nonferrous Metal Industry's Foreign Engineering and Construction Co Ltd. (NFC China) компаниясы өз мойнына алды.

«Нысан өндіріс қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғаудың ең заманауи озық технологиялық шешімдері мен автоматиканы пайдаланатын болады. Қазақстан заңнамасының барлық нормаларына толық сәйкес келеді», - деп атап өтті «Шұбаркөл көмір» АҚ президенті Рустам Ибрагимов.

Атап айтқанда, жобада пиролизді орнату алаңында скрининг, ұсақтау және тасымалдау, көмір мен жартылай коксты сақтау және тасымалдау кезінде пайда болатын көмір шаңын қармап қалуға арналған аспирациялық жүйе қарастырылған. Бұдан бөлек, электр энергиясын, жылу мен суды үнемдеуді қамтитын энергия үнемдеу жөніндегі іс-шаралар кешені әзірленді. Технологияда пайдаланылатын барлық су ресурстары мен ластанған ағындар тазартылып, қайтадан сумен жабдықтаудың айналым жүйесіне жіберілетін болады.

Жаңа өндірісті 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Зауыт ERG кәсіпорындарының ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өнімдерді экспорттау мүмкіндігі қарастырылады.

Бүгінгі капсулада Шұбаркөл еңбек ұжымының 2071 жылғы компания қызметкерлеріне жолдаған хаты да бар.


Соңғы жаңалықтар