Қарағанды облысында ақылында кемістігі бар адамды бояп тастағандар ұсталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда полиция қызметкерлері ақыл-есінде кемістігі бар жігітті қара түсті бояумен бастан-аяқ бояп тастаған екі күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шарасы барысында Қарағанды қаласының 24 жастағы екі тұрғынын анықтады. Олар бұл жігітті бұрыннан білетіндерін жеткізді. Күдіктілердің айтуынша, оған үнемі ақша, киім-кешек беріп көмектеседі екен. Сол күні зардап шегуші олардан бояу сұрап келген соң, «сұрағанын бердік» дейді. Біраз уақыттан кейін ол қайта келіп, денесін өзі бояп алған-мыс.

Естеріңізге сала кетейік, 2 шілде күні әлеуметтік желілерге мониторинг барысында полицейлер Instagram-да видеоны көрген . Онда көлік жүргізушісі басынан аяғына дейін қара түске боялған жігітті тоқтатып, мән-жайды сұрастырады. Желі пайдаланушылары психикалық науқас адамды қорлауға қатысты наразылықтарын білдірді.

Сол күні сағат 01.00-де Қарағанды қалалық полиция басқармасы ЖБО Киров полиция бөлімінің кезекші бөліміне Попов көшесінде киімі және аяқ-киімі жоқ ер адам жол бойына шығып, жүгіріп жүргені туралы хабарлама түскен.

«Оқиға орнына келгеннен кейін патрульдік полиция полкінің қызметкерлері аталмыш фактіні растады. Тәртіп сақшылары денесі түгел қара бояумен боялған 22 жастағы қала тұрғынын анықтады. Жас жігіттің айтуы бойынша, оған 500 теңге төлеп, бояп тастаған. Жігіттің өзінің де іс-қимылы бей-берекетсіз болған. Деректер базасын тексеру кезінде оның облыстық психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталды. Содан кейін оқиға орнына дәрігерлер шақырылып, ол ауруханаға жатқызылды», - деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Материал ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігі «Бір топ адам жасаған бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Тергеу жалғасуда.


Соңғы жаңалықтар