Қарағанды облысында 9 қала мен 100-ден астам елді мекенге газ беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының 9 қаласы мен 114 елді мекені көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыстағы 9 қала мен 114 елді мекен газға қосылады. Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларына газ тарту кешендерінің құрылысы аяқталады. Желілер «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға берілгеннен және тариф бекітілгеннен кейін, яғни 2021 жылы газ беріледі. Көгілдір отын 3 872 жеке тұрғын үйге қосылады. Одан бөлек, қаржылық қолдаудың арқасында Жаңаарқа, Осакаров аудандары мен Саран, Шахтинск қалаларында газбен жабдықтау желілерін салу жоспарланып отыр», - деді Ж. Қасымбек ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс басшысының айтуынша, газдандыру аймақ экологиясын жақсартуда оң септігін тигізеді.

«АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» кейбір кәсіпорындарын газға көшіру жоспарлануда. Сондай-ақ, экология мәселесін тиімді шешу жолында өнеркәсіп кәсіпорындарының қалдық деңгейін төмендету мен көгалдандыру шаралары басты назарда. Жалпы қоршаған ортаны қорғау біздің өңір үшін аса қажет, әсіресе Теміртау, Балқаш және Жезқазған аймақтары үшін. Жоспарға сәйкес, алдағы 3 жылда атмосфераны ластау деңгейі 30%-ға азаюы тиіс», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ж. Қасымбек биылғы 10 айда Қарағанды облысына 530 млрд теңге инвестиция тартылғанын мәлім еткен болатын.


Соңғы жаңалықтар