Қарағанды облысында 60 мыңнан астам ауыл тұрғыны сайлауға қатысты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында барлық округтер бойынша 149 елді мекенде ауыл әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы өтті. Алдын ала нәтижелер бойынша, дауыс беруге 60 мыңнан астам сайлаушы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов тікелей эфирде өткен брифингте мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта кейбір сайлау учаскелерінде дауыстарды санау қорытындылары бойынша хаттамалар ресімделуде. Бірақ сайлау барлық округтерде өтті деп сеніммен айтуға болады. Алдын ала мәліметтер бойынша, облыстағы ауыл әкімдерін сайлауға 60 мыңнан астам сайлаушы қатысты, бұл 74%-ды құрайды. Барлық сайлау учаскелерінде азаматтардың, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар сайлаушылардың дауыс беруі үшін қажетті жағдайлар жасалды. Барлық санитарлық шаралар сақталды», - деді Ерқара Аймағамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысында 75 ауыл әкімі сайланады. Сайлауға 257 кандидат шықты: 81 – саяси партиялардан және 176 өзін-өзі ұсынушылар. Орташа бәсекелестік – бір орынға 3,4 көрсеткішін құрады.


Соңғы жаңалықтар