Қарағанды облысына 24 мыңға жуық доза коронавирусқа қарсы вакцина жеткізілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында 10-сәуірде коронавирус инфекциясынан халықты иммундаудың кең ауқымды науқаны басталады. 18 жастан асқан барлық адамдар екпе ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, аймаққа 23 740 доза вакцина келіп түскен.

«Алдағы үш күнде тағы 55 мың доза түседі. Бұрын 30 егу кабинеті бар 13 вакцинация орталығы жұмыс істейтін. Қазір біз вакцинаны біртіндеп орталық аудандық ауруханаларға, аудандарға және басқа қалаларға таратамыз. Барлық қарағандылықтар тұрғылықты жері бойынша екпе ала алады», - деп түсіндірді Бибігүл Төлегенова.

Тұрғындарға Қарағанды фармацевтикалық кешені өндірген «Спутник-V» вакцинасы салынады. Бір флакон 5 адамға шақталған, сондықтан алдын-ала жазылу қажет.

Вакцинацияға өтінімді тіркелген жері бойынша емханада телефон арқылы, сондай-ақ eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы (вакцинациялауға жазба) беруге болады.

Вакцинация орталықтарының телефондары мен орналасқан жерлері көрсетілген тізім Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының сайтында орналастырылған.


Соңғы жаңалықтар