Қарағанды облысы COVID-19-ға қарсы 3 айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы коронавирус індетіне қарсы күресу үшін 3 айлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыста КВИ-ді анықтауға арналған тестілеу көлемі ұлғайды. Жалпы өңірде қуаттылығы тәулігіне 10 мың зерттеуге дейін жасай алатын 8 ПТР зертхана жұмыс істейді. Сол сияқты 3 айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етіліп, ауруханаларда жарақтандыру жұмысы күшейтілді. Жарты жыл ішінде облыста ауруханалар, шипажайлар мен жатақханалар базасында 47 госпиталь ашылды. Қазіргі уақытта олардың 17-сі жұмыс істейді, қалғандары уақытша жабық. Сонымен қатар желтоқсан айында КВИ-ден емдеуге арналған төсек-орын саны 5 200-ге дейін артады. Қазіргі уақытта төсек-орынды қолдану 4%-дан аспайды, - деді Жеңіс Қасымбек ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл облыста 49 денсаулық сақтау нысаны жөндеуден өтті.

»Бүгінде Теміртау, Шахтинск, Балқаш және Абай қалаларындағы инфекциялық ауруханалар мен бөлімшелер жөндеуден өтті. Және Жезқазғанда 200 орындық модульді госпиталь салынды. Одан бөлек, облыста алғашқы медициналық көмекті күшейтуге де баса назар аударылуда. Ол үшін 288 мобильді емханалық бригада құрылды. Сол секілді шалғай елді мекендерде 9 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істеуде«, - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар