Қарағанды облысы аумағында трансұлттық қылмыстық топ әшкереленді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының прокуратурасы жұмыс тобының кезекті отырысында өңірдегі есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және тергеу сапасы мәселелерін талқылады. Топ құрамына Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Полиция, Экономикалық тергеу департаменттерінің қызметкерлері кіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Топ Құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды, жедел ақпарат алмасуды және проблемалық мәселелерді шешуді қамтамасыз ету үшін құрылған. Жұмыс тобының кезекті отырысында құқық қорғау органдары басшыларының есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстар туралы есептері тыңдалды.

«Бірлескен жұмыстың оң нәтижелерінің бірі ретінде Қарағанды облысының аумағында аса ірі көлемде есірткі сатумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың әшкереленуі атап өтілді. Еліміздің оңтүстік өңірлерінен ірі партияларды жеткізудің бірқатар арналарының жолы кесілді. 13 килограмнан астам синтетикалық есірткі құралдары тәркіленді», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар отырыста есірткі құралдарын интернет-ресурстар арқылы, байланыссыз жолмен сату қылмыстарымен күрес, жедел бөлімшелерді техникалық жарақтандыру және жас қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыру мәселелері талқыланды.

Облыс прокуратурасы есірткіні заңсыз тұтыну, дайындау, сақтау, сатып алу, тасымалдау, сату және жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік және өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылатынын ескертеді.


Соңғы жаңалықтар