Қарабұлақ ауылында коронавирус жұқтырған соңғы пациент ауруханадан шықты

None
None
ҚАРАБҰЛАҚ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Сайрам аудандық Қарабұлақ ауруханасынан Covid-19 инфекциясына шалдыққан соңғы науқас жазылып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

58 жастағы жергілікті тұрғын Севара Амантаева ауруханаға медициналық жедел-жәрдем көлігімен ауыр халде жеткізілген. Науқастың дене қызуы көтеріліп, жөтел, ентігу белгілері болған.

Инфекциялық стационарда екі апта бойы қарқынды ем қабылдаған әйелдің жағдайы қазір жақсы. Өміріне араша түсіп, ауыр індетпен күндіз-түні бірге күрескен ақ халатты жандарға, емдеу мекемесінің орта және кіші буын қызметкерлеріне де алғысы шексіз.

Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханасының бас дәрігері Элмира Қожахметованың айтуынша, инфекциялық стационарда қазір 30 төсек-орын бар. Барлығы бос тұр.

«Қуанышқа орай, ауруханада коронавирус инфекциясымен ем қабылдап жатқан науқас қалмады. Алдағы уақытта да азаматтардың бұл дертке шалдықпауын тілейміз. Өңірде індет белең алған сәттен бастап ауруханамызда коронавирус инфекциясын жұқтырған 29 науқас ем қабылдады. Науқастарға барлық тиісті медициналық көмек көрсетіліп, әрбір маман аянбай еңбек етті»,-дейді аурухананың бас дәрігері.

Әлемді дүрліктірген коронавирус дерті Түркістан облысында алғаш рет биыл 31 наурыз күні Жетісай ауданының тұрғынынан анықталған болатын. Содан бері өңірде Covid-19 инфекциясының 3373 жағдайы тіркелген.

Облыс бойынша емдеу шаралары үшін стационарларда 600 төсек-орын ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, коронавирус және пневмония індеттерімен күресу мақсатында алғашқы медициналық көмек көрсететін 380 мобильді топ жасақталған.

Мобильді топтар коронавирустың симптомсыз түрімен ауырған науқастарға, пневмониямен ауырған және басқа да аурулармен жедел жәрдем шақыртқан 35 мыңға жуық азаматқа үйіне барып медициналық көмек көрсеткен.


Соңғы жаңалықтар