Қаныш Сәтбаев ашқан ғылыми кітапхана қызметкерлерінің айлығын көтеру ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова Қаныш Сәтбаев ашқан ғылыми кітапхана қызметкерлерінің айлығын көтеруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандағы ең ірі кітаптар қоры сақталған, академик Қаныш Сәтбаев ашқан ғылыми кітапхана жайлы айтпай кетуге болмас. Бүгінде бұл кітапханада жалпы саны 6 миллион басылым болса, соның ішінде шет тілдердегі қордың саны бір миллионнан асады. Ғалымдардың айтуынша, дәл мұндай бай кітап қоры бүкіл Орталық Азияда жоқ. Мұнда араб, парсы, шағатай, қытай және басқа тілдегі еңбектер жетерлік. Сондықтан, Орталық ғылыми кітапхана республикалық қана емес, халықаралық деңгейде оқырманға қызмет көрсетуге лайық», - деген Мәжіліс өкілі Өзбекстанның осыған ұқсас мәселедегі тәжірибесін мысалға келтірді.

«Өзбекстанның Бируни атындағы Шығыстану институтында қолжазба қорына ерекше жағдай жасалған. Ал Ирандағы 12 қабаттан тұратын Ұлттық архив және кітапхана ел президентіне тікелей бағынады, Үндістанда да солай.

Ал біздегі ғылыми кітапхана аса бай әрі құнды кітап қоры бола тұра, бүгінде Ғылым комитетінің бір бөлімшесі ретінде ғана жұмыс істеп тұр», - деді депутат.

Оның сөзінше, аталған мекемедегі қызметкерлердің жалақысы өзге мекемелердегі кітапханашы әріптестерінен де төмен.

«Қазіргі таңда мұнда 7 бөлім бар. 50 шақты қызметкер жұмыс істейді. Бұрын 200 адам қызмет еткен. Сирек қорда құнды дүниелер көп, алайда оны зерттеп, зерделейтін маман жоқ», - деген Мақпал Тәжмағамбетова Үкіметтің алдына бірнеше ұсыныс қойды.

«Бірінші. Ғылыми кітапхана дербес мекеме болуға тиіс. Ғылым және жоғары білім министiрлiгi Ұлттық ғылым академиясы аясында Орталық ғылыми кітапхана мәртебесі қайта берілуі керек. Осыған сәйкес, қызметкерлердің жалақысын қайта қарастырып, халықаралық байланыстарды жиілендіру маңызды», - депутат.

Сондай-ақ оның айтуынша, ғылыми кітапханада арнайы реставрация бөлімі және зертхана ашылуға тиіс.

«Қазақ халқының тарихына қатысты құнды деректер шоғырланған ғылыми кітапхана қорын жан-жақты зерттеу, ғылыми айналымға енгізу ісі арнайы бағдарлама аясында жүргізілуі тиіс. Сарапшылар сирек кездесетін кітаптар мен көне қолжазбалар қорының құнын қайта бағалауы керек.

Үшінші. Цифрландыру жұмысы қарқынды жүргізілуі тиіс. Сирек кітаптар мен көне қолжазбалар бөлімінің ережесі бойынша оқырманға құнды басылымдардың диджитал нұсқасы берілуі керек.

Осы аталған ұсыныстарды қарап, заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын», - деді Мәжіліс депутаты.

Бұған дейін кітапханашылар арасында өткен сауалнамаға қатысушылардың 88 пайызы айлықтың төмендігін саладағы басты проблема ретінде атаған болатын.


Соңғы жаңалықтар