Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде 1700 адам жапа шеккен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасы бойынша 1700 жеке және заңды тұлға қылмыстық істер бойынша жәбірленуші деп танылды. ҚР Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай статистика келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлығы 1 700 жеке және заңды тұлға қылмыстық істер бойынша жәбірленуші болып танылды. 13 мыңнан астам азаматтан куә және жәбірленуші ретінде жауап алынды. 2400-нан астам сараптама тағайындалды. Полиция органдарының жұмысы, ең алдымен, зардап шеккен азаматтарға, бизнес өкілдеріне жәрдем көрсетуге және келтірілген залалдың орнын толтыру бойынша шараларға бағытталғанын ерекше атап өткім келеді. Осы мақсатта азаматтардың және кәсіпкерлік субъектілерден ұрланған мүлікті табу және алу бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр», - деген ІІМ өкілі бүгінгі таңда сомасы 338 миллион теңгені құрайтын ұрланған мүлік тәркіленгенін атап өтті.

«Оның ішінде 12 автомашина, 319 тұрмыстық техника, 189 зергерлік бұйым, 286 ұялы телефон, 546 киім, 16 миллион теңге бар. Мысалы, Алматы қаласында Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Ол 6 қаңтарда басқа адамдармен топтасып, жаппай тәртіпсіздікті пайдалана отырып, Халық банкі филиалының кіретін есігін бұзып, компьютерлер мен теледидарларды ұрлаған. Ұрланған заттар алынды, ұсталған адам күзетпен ұстауға алынды, оның сыбайластарына қатысты іздестіру іс-шаралары жүргізілуде», - деді Санжар Әділов.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласының жұмыс істемейтін тұрғынына қандай айып тағылып отырғанын айтты.

«Ол 6 қаңтарда Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздік барысында Сейфуллин көшесіндегі «Технодом» сауда үйінен жалпы сомасы 510 мың теңге компьютердің екі процессорын және үш ұялы телефонды ұрлаған. Соттың санкциясымен күдікті күзетпен ұстауға алынды. Бұл ретте оның Райымбек көшесінде орналасқан «Максима» сауда-ойын сауық орталығынан киім ұрлауға қатысы бары анықталды. Екі эпизод бойынша ұрланған заттар алынды», -деді ІІМ тергеу департаментінің бастығы.


Соңғы жаңалықтар