Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Семейде «Тигр» арнайы көлігі ұрланған

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл қаңтарда Семей қаласында «Тигр» арнайы көлігі ұрланды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Бас прокуратураның 1-қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар оқиғасы кезеңінде Шығыс Қазақстан облысының екі ірі қаласында агресивті 2500 адам мен полицияның қақтығысы бір уақытта болғанын атап өткім келеді. Нәтижесінде, 5 қаңтар күні Семей қаласының әкімдігі басып алынды, 12 полиция автокөлігі зақымданды, «Тигр» арнайы көлігі ұрланды. 124 полиция қызметкері мен Ұлттық гвардияның әскерилері дене жарақаттарын алды», - деді Е. Қилымжанов.

Оның айтуынша, Өскемен қаласында шабуылдаушылар әкімдіктің, Халық банкінің, «Сулпак» дүкенінің ғимараттарына, коммерциялық нысандарға және 10 қызметтік автокөлікке зақым келтірді. «Бекет-2» стационарлық полиция бекеті жойылды.

«Осы кезеңде облыста 7 адам қаза тапты. Полиция ғимараттарында қаза болған 3 азаматқа қатысты тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары жүргізіп жатыр. 4 адамның мәйітіне қатысты деректерді полиция органдары тергеуде», - деді Бас прокуратура өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу органдарының іс жүргізуінде 5 041 қылмыстық іс бар.

Сонымен қатар Е.Қилымжанов қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысында 16 адам қаза болғанын нақтылады.


Соңғы жаңалықтар