Қаңтарда көз жұмғандардың аты-жөні бүкіл фактілер анықталған соң жарияланады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасында қайтыс болғандардың деректері бүкіл фактілер даусыз анықталған соң жария етіледі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифинг барысында Бас прокуратура өкілі Көктөбе мұнарасын қорғап қаза болған сарбаздар туралы мәлімет келтірді.

«Алматы аудандық полиция басқармасы мен «Көктөбе» телемұнарасын қылмыскерлер басып алуға әрекет жасаған кезде қызмет борышы бойынша стратегиялық обьектілерді қорғаған қызметкерлер Қанбетов, Асылханов және Алмасовқа оқ тиіп қаза тапты», - деді Елдос Қилымбетов.

Оның айтуынша, Талдықорған қаласында 10 адам 18 жастағы қарусыз сарбазды сабап өлтірген.

«Талдықорған қаласы алаңында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде Ұлттық ұланның №5514 әскери бөлімінің мерзімдік қызметінің қарусыз әскери қызметшісі Амановқа бір топ – 10 қылмыскер шабуыл жасаған. Қатыгездікпен ұрып-соғу салдарынан 18 жастағы Аманов көптеген дене жарақатын алған. Жас жігіт есін жимастан, жедел жәрдем автокөлігінде көз жұмды. Қайғылы қаңтар барысында адамдардың қайтыс болуының барлық фактілері бойынша мұқият тергеу жүргізіп жатыр. Олардың қорытындысы даусыз дәлелдер анықталғаннан кейін жария етіледі», - деді ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар