Қаңтарда Атырау облысынан 4 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсырады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қаңтар айында Атырау облысындағы мектептердің 4271 түлегі ҰБТ тапсырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда ұлттық бірыңғай тестілеу 16, 17, 18, 19 қаңтар күндері өтеді. Сынақ тапсырушылар 4 лекке бөлінген. Атырау қаласында осындағы жергілікті мектептерді тәмамдаған 2110 түлек, сонымен қатар Мақат, Махамбет, Исатай аудандарынан 643 адам ҰБТ тапсырады.

Ал Құрманғазы, Индер, Қызылқоға аудандары мен Құлсары қаласының абитуриенттері өз ауданында тестілеуден өтеді.

Еске сала кетейік, жаңа ережеге сәйкес өткен жылдан бері ұлттық бірыңғай тестілеу жылына 4 рет өткізіледі: қаңтар, наурыз, маусым және тамызда. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында тапсырылған ҰБТ сертификаты түлектердің университетте ақылы түрде оқуына мүмкіндік береді. Егер талапкер жергілікті атқарушы органдардың грантынан үміттенсе, ол міндетті түрде маусымда өтетін ҰБТ-ға қатысуы тиіс.

«Мектеп бітірушілер тестілеуден бірнеше рет өте алады. Әр сынақтың нәтижесі бөлек есептеледі, сондықтан талапкерлер ешбір сынақты назардан тыс қалдырмай, барлығынан өткені абзал», - дейді Ұлттық тестілеу орталығы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі филиалының басшысы Айнагүл Дүйсекенова.

Мамандардың сөзіне сенсек, биыл Атырау облысындағы түлектер арасында ҰБТ тапсыру көрсеткіші 90 пайызға жуықтайды.



Соңғы жаңалықтар