Қаңтар трагедиясының ресми хронологиясы деректі фильмге арқау болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Хабар» телеарнасы қаңтар оқиғасына қатысты Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігі таратқан ресми мәліметтердің және түрлі видеолардың басын құрап, деректі фильм ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Трагический январь. Как это было» деп аталған деректі фильмде оқиғаның қалай басталып, неше күнге созылғаны, ереуілдер кезінде алаңға шыққан халықтың саны қалай өзгергені, Алматыдағы тәртіпсіздіктердің қанды қырғынға айналу сипаты туралы ресми нұсқадағы мәліметтер берілген.

Сонымен, деректі фильмде мынадай сандар айтылады.

1 қаңтар – Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ондаған адам алаңға шығып, Мемлекет басшылығынан күрт қымбаттап кеткен сұйытылған газ бағасын түсіруді сұрайды.

2 қаңтар – Күн бойында шерушілердің саны 600-ге жетеді.

Қаңтардың 2-сінен 3-іне қараған түні Ақтау қаласында жаңаөзендіктерге қолдау білдірген 70-ке жуық адам ішкі жолдарды жауып тастайды.

3 қаңтар – Наразылық елдің 7 өңірін (Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары) шарпып, алаңға шыққандар саны 5500 адам болады.

4 қаңтар – Қазақстанның 11 өңірінде шеруде жүрген адам саны 37 мыңға жетеді.

Алматының өзінде ғана «Алматы Арена» спорт кешенінің маңайына 5 мыңға жуық адам жиналған.

5 қаңтар – соңы тәртіпсіздікке ұласқан ереуілдер аумағында жүргендер саны 50 мыңға жетті.

Алматы қаласындағы түрлі нысандарға шабуылдаушылар саны 20 мыңнан асқан.

6 қаңтар – өңірлердегі тәртіпсіздіктер аумағында жүргендер саны 11 мыңға азайған.

7 қаңтар – бейбіт наразылық шеруге қатысушылар саны 3000 болды.

8 қаңтар – шерулер толық тоқтады.

Фильмнің қорытынды бөлімінде Бас прокуратура өкілдерінің осы оқиғалар бойынша өткізген брифингтерде айтқан деректері көрініс тапқан.

Елде Төтенше жағдай режимі күшінде болған кезеңде 225 адам опат болған.

Бас прокуратураның 25 қаңтардағы мәліметі бойынша, жедел тергеу топтары 2044 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Оның ішінде 45 іс террористік акт бойынша, іс террористік акт бойынша, 36 іс жаппай тәртіпсіздік бойынша, 15 іс кісі өлтіру бойынша қозғалған.

Ішкі істер министрлігінің 24 қаңтардағы дерегі бойынша, тәртіпсіздіктер кезінде 1466 ғимарат пен кешендерге шабуыл жасалған. Оның ішінде 12 әкімдік ғимараты, 27 полиция обьектісі бар.

1395 бизнес нысаны тоналған, зақым көрген.

700-ден астам автокөлік зақымдалған, қиратылған.

25 қаңтарда өндірісте болған қылмыстық істер бойынша жалпы сомасы 87 млрд теңгеден астам шығын келген.

Деректі фильмде тәртіпсіздік кезінде зардап шекті делінген әскери қызметкер Қуандық Құсайыновтың шағын сұхбаты берілген.

Саясаттанушы Қазыбек Майгелдиевтің пікірінше, деректі фильмде шынайылық көрсетілген.


Соңғы жаңалықтар