Қаңтар оқиғасынан кейін қаланы жарылғыш заттар мен оқ-дәріден тазартқан кинологтарға алматылықтардың алғысы мол

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қаңтар оқиғасынан кейін қызметтік иттердің көмегімен қару-жарақ пен оқ-дәрі табылып жатқанын жазғанбыз. Халық көп жүретін жерде, әсіресе, қаланың орталық бөлігінде жасырылған қауіпті заттарды табуда кинологтар мен иісшіл иттердің еңбегі зор. Ұрланған қару-жарақ балалардың немесе ниеті бұзық, арам пиғылды біреулердің қолына тисе, не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Алғыс айту күніне орай ҚазАқпарат тілшісі Алматыдағы ҚР Ішкі істер министрлігінің кинология орталығына барып, орталықтың бастығы Әнел Болғымбаевамен тілдескен еді.

Биыл ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты кинология орталығының құрылғанына 20 жыл толды.

Мекеме ҚР Үкіметінің қаулысымен 2002 жылғы 27 наурызда құрылған. Кинология орталығының бастығы, полиция подполковнигі Әнел Болғымбаеваның айтуынша, орталықта иісшіл иттер есірткі, жарылғыш зат, оқ-дәрі іздеуге дағдыланады.

Жедел тергеу тобы құрамындағы із кесу жұмыстары, тергеу эксперименттеріндегі одорологиялық іріктеу, шабуылдап басып алу қызметіне арнайы курстар бойынша дайындалады.

Сондай-ақ, мұнда Қазақстанның барлық өңірлерінен, облыстардың полиция департаменттерінен, ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті, Ұлттық гвардия, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері де шеберліктерін шыңдайды.

«Алматыдағы қаңтар оқиғасынан кейін біздің иттер басып алынған ғимараттарда жарылғыш заттар мен оқ-дәрі іздеумен айналысты. Құдайға шүкір, ешқандай оқыс оқиға болған жоқ. Сонымен қатар, иісшіл иттер есірткі іздестіру сияқты басқа да маңызды іс-шараларға қатысты», - дейді Әнел Болғымбаева.

Кинология орталығының бастығы атап өткендей, қазіргі таңда елімізде 500-ден аса кинолог бар.

Із кесуші иттер өңірлерде мал ұрлығының жай-жапсарын анықтауда жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

«Біз қылмыстың алдын алуға көп көңіл бөлеміз. Мәселен, Алматы қалалық полиция департаментінің кинологиялық қызмет бөлімшесі бар. Полиция кинологтары сағат 20:00-ден кейін өздеріне бекітілген итпен көше аралайды. Саябақ аумақтарын, Бауман тоғайы, 28 панфиловшы бағын патрульдейді. Тұрғындар бұл қызметке түсіністікпен қарайды, себебі полиция кинологтары жүретін жерлерде қылмыс саны аз болады», - дейді спикер.

Орталықтағы иттердің де қызметке жарамдылық мерзімі болады. Орташа алғанда - 8-10 жыл.

Осы уақыт өткен соң, арнайы комиссия итті тексеруден өткізіп, қызметті жалғастыра алатынын немесе демалысқа шығуы керектігін анықтайды.

«Иісшіл иттер зейнет жасына жеткен соң, біз оларды құрметпен шығарып саламыз. Әдетте, ұзақ жылдар бірге жұмыс істеген кинолог өзіне алады. Бізде қызметтік иттерді эвтаназия арқылы ұйықтатып, өлтіруге жол берілмейді. Сондай-ақ, иттерді қоректендіру, оларға ветеринарлық қызмет көрсету, дәрі-дәрмектермен қамту толығымен мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі. Кинологияда классикалық неміс овчаркасы мен бельгиялық малинуа тұқымы қызмет етеді», - деді орталық бастығы.

Сонымен бірге, Әнел Болғымбаева кинолог болғысы келетіндердің жұмысқа тұруға мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

«Әскери борышын өтеген, осы салада еңбек еткісі келетін жігіттерді республика бойынша кинологиялық қызметке шақырамыз. Ол үшін жергілікті полиция қызметіне хабарласуға болады. Орта білімі барлар сержанттар құрамына, орта арнайы заңгерлік немесе ветеринарлық біліммен инспекторлық құрамға қабылданады. Ал аға инспектордан ары қарай жоғары заңгерлік және ветеринарлық білім қажет. Сержанттар құрамының орташа еңбекақысы - 150-200 мың теңге шамасында», - деп атап өтті Әнел Болғымбаева.


Соңғы жаңалықтар