Қаңтар оқиғасы кезінде нысандарды тонағандар қалай анықталып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәртіпсіздік кезінде ұрлық жасағаны үшін 274 адам уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұрлық пен тонау қылмысын жасағаны үшін 274 адам уақытша ұстау абақтысына қамалды. Ұсталғандардың кінәсі ұрланған тауарлар мен қару түріндегі алынған заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбаларымен, әлеуметтік желілердегі роликтермен, күдіктілердің өздерінің ұялы телефондарынан табылған деректермен дәлелденеді. Мысалы, 19 қаңтарда Алматы қаласында 18 жастағы тұрғын ұсталды. Оның ұялы телефонынан азық-түлік дүкендерінің бірінде ұрлық жасаған бейнежазба, ұрланған заттар аясында «селфи» жасағаны және ең сорақысы, көшеде бір полиция қызметкерін топ болып қатыгез ұрып-соғуға қатысқаны анықталды. Бұл бейнежазбалардың барлығын күдіктінің өзі жасаған. Ол уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды», - деді С. Әділов.

Осы орайда ол мұндай фактілер көп екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта өндірістегі қылмыстық істер бойынша арызданған залалдың алдын ала жалпы сомасы 87 млрд теңгеден асты. Зардап шеккендердің арыздануы барысында бұл сома өсіп келеді», - деді Тергеу департаментінің бастығы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, тәртіпсіздік кезінде зақым келген нысандар мен көліктер саны белгілі болды.

Сонымен қатар, қаруды ұрлағаны үшін 98 адам ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды және оларды заңсыз сақтағаны үшін 61 адам ұсталды.

Санжар Әділов еліміздегі тәртіпсіздік кезінде қозғалған қылмыстық істер туралы айтып берді.


Соңғы жаңалықтар