Қаңтар оқиғасы кезінде әсіресе үш өңірде нысандар қатты тоналды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басындағы тәртіпсіздік кезінде 1 502 бизнес нысаны тоналды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сотқа дейінгі тергеу нәтижесі арам пиғылды адамдардың көшедегі тәртіпсіздікті пайдаланып, ашық түрде қасақана ұрлық пен тонау жасағанын көрсетіп отыр. Азаматтар мен бизнес субъектілерінің арызы бойынша ұрлық пен тонаудың ең көбі Алматы қаласында – 2 мыңнан астам, Алматы облысында – 204 және Жамбыл облысында 23 факті тіркелді», - деді Санжар Әділов орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, дүкендер, компаниялардың кеңселері, мейрамханалар және ашулы топтың жолында орналасқан басқа да нысандар шабуылға ұшырады.

Сонымен қатар банктер мен ірі сауда орталықтарын тонау фактілері тіркелді, жалпы 1 502 бизнес нысаны тоналды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қаңтар оқиғасы бойынша тергеу органдарының іс жүргізуінде 5 041 қылмыстық іс бар.

Сонымен қатар Е. Қилымжанов қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысында 16 адам қаза болғанын нақтылады.


Соңғы жаңалықтар