Қаңтар оқиғасы бойынша ұсталған шетел азаматтарына қандай айып тағылып отыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтарда болған жаппай ереуіл кезінде 19 шетел азаматы ұсталды. Оларға қандай айып тағылып жатыр? Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар шетел азаматтарының саны өзгеруі мүмкін. Ал бүгінде нақты қаңтар оқиғасына қатысы бар деген 19 шетел азаматы тергеліп жатыр. Оларға жаппай ереуілге қатысты және ұрлық жасады деген айып тағылған. Яғни, олар Қылмыстық кодекстің 188 және 272 баптарына сәйкес тергеліп жатыр», - деді Ризабек Ожаров «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Ashyq alań» қоғамдық-саяси ток-шоуының эфирінде.

Оның айтуынша, қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктің белең алуына бірнеше себеп бар. Ол себептер бүгінде нақтыланып жатыр.

«Өздеріңіз білетіндей, оқиғаның басы бейбіт шеруден басталды. Арты жаппай бұзақылыққа ұласты. Бізде оқиғаның толық хронологиясы бар», - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздің бас прокуроры Берік Асылов Қазақстанда қаңтар оқиғасы бойынша қай елдердің азаматтары ұсталғанын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар