Қаңтар қырғынынан кейін 14 полиция қызметкері ем қабылдап жатыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде ауыр жарақат алған 14 полиция қызметкері ем қабылдап жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұған дейін қаңтар оқиғасы кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша өз міндеттерін орындау барысында тәртіпсіздікке қатысушылар тарапынан аяусыз соққыға жығылған, зардап шеккен полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер туралы бірнеше рет хабарлағанбыз. Сол кезде 58 құқық қорғау қызметкерінің сүйектері сынып, атыс қаруынан және пышақтан жарақат алды. Шын мәнінде, шабуыл жасағандар өз іс-әрекетімен тікелей олардың өміріне қауіп төндірді. Бүгінгі таңда ауыр жарақат алған 14 полиция қызметкері емі жалғастырып жатыр», - деді С. Әділов орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздіктер барысында Республика алаңында қоғамдық тәртіпті сақтауды жүзеге асырған Әуезов аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы ауыр жарақат алды.

Оны ереуілшілер аяусыз ұрып-соғып, оның мойнына металл арматурамен соққы жасап, мойын омыртқасын зақымдаған.

Сондай-ақ алған жарақаттардың нәтижесінде екі бүйрегі де зақымданды.

«Аталған полиция қызметкері дәрігерлердің бақылауында және оған білікті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», - деді Тергеу департаментінің басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қаңтар оқиғасында 1 502 бизнес нысаны тоналды.

Ішкі істер органдары 5 041 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар