Каникулға шыққан депутаттар қайда демалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламенттің қос палатасының депуттатары кеше каникулға шықты. Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісі олардың бірқатарына хабарласып, демалыстарын қайда өткізетіндігін сұрап көрді.

Сонымен, Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы демалысын Алматыда өткізбек. Ол өзінің 2014 жылдан бері шетелде демалмағанын да айтты.

«Мен кейінгі 7 жылда сыртта демалған емеспін. Демалысымды тек елде өткіземін. Көбіне Катонқарағай, Оқжетпес, Қызылорда және Алматыға барамын. Бұл мекендердің маған тұмса табиғаты ұнайды. Әсіресе, Оқжетпес пен Катонқарағайдың сұлулығы, ауасының тазалығы Щвейцариядан асып түспесе, кем емес. Оған қоса, өзіңнің туып-өскен жеріңе ештеңе жетпейді. Өкінішке қарай, бағалары сәл қымбаттау. Сервис жағы төмен. Жетілдіру керек. Сондықтан, атқарушы органдар айналысып, Үкімет кәсіпкерлерге субсидия бөлсе, онда өзіміздің жерден артығы жоқ. Мен соңғы рет 2014 жылы шетелде демалдым. Одан кейін мүлде шықпаппын. Биыл да солай, елде боламын. Алматыға баруды жоспарлап отырмын. Сосын сенбі және жексенбі күндері көлге барып, балық аулаймын. Менің хоббиім осы», - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов болса, демалыста ел аралап, халықпен кездесуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ол каникулға шыққанымен, барлық депуттатар жаз бойы сайлаушылармен жұмыс істейтінін мәлім етті.

«Біріншіден, демалысқа ертелеу болып тұр әлі. Себебі, сайлаушылармен кездесу керек. Сондықтан, осы демалысымыз аясында халықпен жүздесіп, ел арасында болсақ деген ой бар. Ал, жалпы менің жиі баратын жерім – Сарыағаш. Негізі оңтүстік өңірлерде жақсы демалыс орындары жетерлік. Әсіресе, тау бөктеріндегі Ақсу-Жабағылы – тамаша жер. Биыл да осы жерлерге баруды жоспарлайтын шығармын. Дегенмен, бір мәселені айта кету керек. Депутаттар каникулға кетті деп аталады. Бірақ, ол ел ойлайтындай каникул емес. Біз бұл кезеңде депутаттық жұмысымызды өңірлерде жалғастырамыз», - деп жоспарымен бөлісті депутат.

Тағы бір Мәжіліс депутаты Ілияс Бұларов бірден екі айға арналған жоспарын жариялады. Ол жаз маусымында Қордай мен Алматыда ем алмақ.


«Демалысымыздың алғашқы күні Алматы қаласындағы Алатау ауданында кездесу өткіздім. Онда мемлекеттік тілді дамыту мәселелерін талқыладық. Енді Жамбыл облысының Қордай ауданына кетіп бара жатырмын. Өздеріңізге мәлім, ол жақта сел жүріп, тұрғындар зардап шекті. Этномәдени орталықтардың өкілдері және селолық округ әкімдерімен бірлесіп, 3 млн теңгеден астам қаржы жинадық. Сол қаражатты селден зардап шеккен адамдарға береміз. Ал, 4 шілдеден бастап бір апта көлемінде Қордайда ем аламын. Содан кейін 19-29 шілде аралығында Алматыдағы ҚР Президентінің Іс Басқармасына қарасты санаторийде емделемін, демаламын. Ал, айдың соңына қарай Үшарал қаласына барамын. Ол жерде ұмытылған бірнеше ауыл бар. Солардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтпақпын. Сондай-ақ, тамызда Жаркентке барып, елді мекеннің ахуалын көруді жоспарлап отырмын», - деп алдағы сапарларын баяндады Ілияс Бұларов.
Соңғы жаңалықтар